380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының жұрты Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтіп жатыр

  • 508
  • UPD: 20:55, 21.03.2018

Ақмола облысының жұртшылығы да Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтіп жатыр. Абылайхан алаңына қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, көпшілікке Наурыз көже таратылды. Ұлттық ойындардың көрігі қызып, түрлі қойылымдар сахналанды.

Көкшеге көктем кеш келеді. Десе де, жұрт күннің суықтығына қарамастан Ұлыстың Ұлы күнін атап өту үшін орталық алаңға жиналды. Бәрінің де көңіл-күйі өте көтеріңкі. «Бір-бірін осы бір мерейлі мерекемен құттықтап, қыстан аман шықтың ба» деп, хал-жағдай сұрасып жатты.

Наурыз мерекесін тойлауға келген көпшілік, алдымен 9 бөлімнен тұратын «Тарих керуені» атты театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Олардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Бірінде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілсе, келесісінде еліміздегі халықтар достастығы мен тарихи оқиғалар сипатталды. 

Әнуарбек Әленов, қала тұрғыны:

- Мына қарапайым халық Наурыз мерекесіне барлығы ұлттық киімдерін киіп келіп, бәрін жарқыратып, жәйнатып келгені маған ұнап жатыр. Яғни, біздің мерекеміздің мағынасы да өсіп келеді, мәртебесі де өсіп келеді. Халық бұл мерекенің мағынасын түсініп, өздерінің шын көңілімен, шын пейілімен, киініп келіп, қуанып, қуанышымен бөлісіп жатыр.

Сәуле Жұмалина, қала тұрғыны:

- Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Біздің ұжымнан бүгін 40 келі бауырсақ, 60 литр Наурыз көжемізді пісіріп, барша халқымызға таратып, барлықтары да дәм татты. 

Ал спорттық ойындар халықтың делебесін қоздырып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Ерлер жағы күрес пен арқан тартысқа атсалысып, кір тасын көтеріп жарысты. Балалар жағы асық атып, тоғызқұмалақ ойнады. Сондай-ақ, алаңға тігілген әр киіз үйдің ішінде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Ал, Көкшетаудағы мерекелік концерт кешке дейін жалғасады. Оған бірнеше эстрада жұлдыздары арнайы келіп өнер көрсетеді деп күтіліп отыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ал аудан, ауылдарда Наурыз мейрамы бірнеше күн қатарынан тойланады. Бұл күндері түрлі спорттық сайыстар өткізіліп, сан алуан мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы