383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздық жастар Ұлыстың ұлы күнін қарсы алды

  • 512
  • UPD: 12:05, 22.03.2018

Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні даланы Қыдыр аралайды.

Осы күні адамдар арам пиғыл пендешілік атаулыдан тазарады деген ұғым бар. Жамбылдық жастар жыл басы Наурыз мейрамының алғашқы таңын қарсы алды. Олар киіз үйлер тігілген алаңға жиналып, сауық құрды. Алтыбақанға кезекке тұрғандардың қарасы таң жарығына дейін үзілген жоқ. От жағылып, айналасында ұлттық киім киген жастар «Ұйқыашар», «Селтеткізер» дәстүрлерін жаңғыртып, арнайы іс-шаралар өткізді. Ұлыстың ұлы күні әрқашан қасиетті, киелі саналады. Сондықтан тараздықтар бұған ерекше дайындалған. Киіз үй ішіне дастархан жайылып, қазанға ет асылды. Әжелер наурызкөже әзірлеп, бауырсақ пісірген.

Қасиет Кәкенұлы, қала тұрғыны:

- Жастардың көше мәдениетін көрсетеді. Наурыз мерекесінің кереметтігін өздерінің бойларынан да, күлкісінен де байқап отырмыз. Сондықтан Наурыз мерекесі құтты болсын дейміз.

Амантай Сартаев, қала тұрғыны:

- 21-і мен 22-сі күні күн мен түннің теңесу күні. Жақсылық бола берсін. Мейрамнан мейрамға жете берейік. Халқымыз аман болып, тыныштық болып, өмірде біздің қазақстандықтар бақытты өмір сүре берсін!

Хабар 24 телеарнасы