384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында Ұлыстың ұлы күні 500-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған

  • 572
  • UPD: 13:59, 22.03.2018

Жамбыл облысында да ұлан-асыр той.

Өңірде бүгіннің өзінде 500-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған. Аудандар мен ауыл-ауылдарда ыстық бауырсақ пен наурызкөже таратылды. Ұлттық ойындар өткізіліп, спорттық жарыстар қыза түсті. Ал Тараз қаласының орталығында театрландырылған қойылым көрсетіліп, концерт жүріп жатыр.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Наурыз мерекесі Жамбыл өңірінде жоғары деңгейде өтіп жатыр. Аймақта бұл мейрам биыл алғаш рет 9 күн бойы тойланды. Бүгін Ұлыс күні. Көпшілік жыл басы Әз-Наурыздың алғашқы атқан таңын қарсы алып, бірден негізгі шараларды бастап кетті. Қаланың арнайы белгіленген аумақтарына жиналған жұрт мәре-сәре.

Бүгін мейрам «Наурыз тарту» шарасынан басталды. Достық алаңында ине шаншыр жер жоқ. Мұнда Наурыздың ықылым заманнан басталған мереке екендігін көрсететін қойылымдар, театрландырылған көріністер қойылды. Шашу шашылып, би билеп, өңірде тұратын түрлі ұлт өкілдері ақжарма тілектерін білдірді. Жалпы, шараны ұйымдастыруға 5 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Ал киіз үйлер қалашығына мыңдаған адам жиналған. Ақшаңқан үйлердің алдында құда түсу, келін түсіру, тұсау кесу секілді қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Ерекше шараның бірі – «Бата беру» байқауы. Оған 7-дегі баладан бастап 70-тегі қарияларға дейін қатысып жатыр. Сондай-ақ жұртшылыққа арнап этномәдени орталықтардың көрмелері, ләңгі, асық ату, қазақша күрес сияқты ұлттық спорттық ойындар өтіп жатыр. Ал ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, думанның көркін қыздырған өнерпаздардың әнін тыңдап отыр. Атшабар алаңында дастархан жайылып, 10 мыңнан астам адам наурызкөжеден дәм татты. Сондай-ақ тоннадан астам бауырсақ пісіріліп, тұрғындар мен қала қонақтарына таратылды. Халықтың жүзінен мерекені сезініп жүргендіктерін байқауға болады. Оны тұрғындардың өздерінен сұрайық.

Әнуарбек Әймен, Тараз қаласының құрметті азаматы:

- Керемет! Рухани жаңығру деген осы болар! Қазақта Наурыз мейрамы мейрамдардың төресі боп саналады. Сондықтан әрбір адам бұл мерекеге ерекше дайындалатыны сөзсіз. Ежелден ата-бабаларымыз жыл басы Әз-Наурызды жақсылықтың нышанына теңеген. Ырыс пен береке, жаңарудың арқауы деп білген. Бүгін біз де барынша дайындалдық. Дастархан жайып, қазақи қонақжайлылық көрсетіліп жатыр. Бастысы, тұрғындар мен қонақтардың көңілі. Барша қазақстандықтарды Ұлық мерекемен құттықтаймын!

Иә, бұл Наурыз мерекесінің бір көрінісі ғана. Ұлыстың ұлы күнін тойлау тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да өтіп жатыр. Ауыл тұрғындары бұлақ көздерін тазартып, тал отырғызады. Ал келген қонақтар кешке дейін түрлі мәдени шараларды тамашалап, жыл басын мерекелейді. Бізде Наурыз осылай тойланып жатыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Хабар 24 телеарнасы