386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісмендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» активтерін сату мәселесіне алаңдап отыр

  • 492
  • UPD: 22:23, 26.03.2018

Елімізде жекешелендіру талапқа сай жүріп жатқан жоқ.

Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті бағдарламаға қатысты ащы сын айтты. Әсіресе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» активтерін сату мәселесі депутаттар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Әлеуметтік нысандарды жекешелендіру мәселесі де басты назарда тұр.

Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» депозиттік базасы 520 миллиард теңгеден асады. Жеңілдікпен берілетін баспанаға қатысты бағдарлама бүгінде халық арасында жоғары сұранысқа ие. Сол себепті қаржы ұйымы жекеменшікке беріледі дегенді естігендер бірден алаңдаушылық білдірген. Бүгін Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында қозғалған басты тақырып та осы болды.

Петр Шарапаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мекемені жекешелендірудің басты себебі қандай? Егер ол сатылып кетсе, банк беріп отырған несиелердің ахуалы не болмақ? Ол  мемлекеттік бағдарламаларғабұрынғыдай қатысуға мүмкіндік ала ма? Жаңа инвестор келген кезде, салымшылардың сыйақысы не болмақ? Осы сұрақтар бізді мазалап отыр.

Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жауап берді. Оның айтуынша, қаржы ұйымының активтері сатылса, көрсетілетін қызмет сапасы артатын көрінеді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы мен тұрғын үйді жеңілдікпен беру үрдісі де бұнымен тоқтамайды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазіргі таңда ол «Бәйтерек» ҰХ-мен басқарылады. Бірақ біз жаңа стратегиялық инвесторды тартайық деп отырмыз. Қосылған құны қандай? Жаңа басқару технологиялары, жаңа бақылау, жаңа бизнеске көзқарас.

Депутаттар жекешелендірудің ел экономикасына тигізетін оң әсерін растай отырып, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы нысандарын сатуға жіті назар бөлу қажеттігін айтады.  Әсіресе шалғай ауылдардағы кәсіпорындарды бизнеске бермес бұрын барлық есеп-қисапты ескерген жөн. Өйткені мекеменің жаңа қожайындары жұмысшылардың жалақысын уақтылы төлемей, жұртты әбігерге түсірмеуі шарт. Яғни халықтың мүддесі қашан да бірінші тұруы тиіс. 

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлеуметтік нысандар, әсіресе, білім, денсаулық салаларына келгенде 7 рет өлшеп, бір рет кесілуі қажет. Себебі кейбір өңірлерде бірқатар нысан мемлекетке қайтарылып, ешқандай пайдасы жоқ.

Айтылған ұсыныстарға сәйкес, сатылымға шығарылатын нысандар тізімі тағы бір сарапталмақ. Тимур Сүлейменовтің хабарлауынша, олардың қатары қысқармайды, керісінше, ұлғаюы мүмкін. Қалай болса да кәсіпорындардың басым бөлігі биыл жекеменшікке берілуі тиіс. Ал ең ірі компаниялар 2020 жылға дейін толықтай ІРО-ға шығарылады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы