386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тасқын қаупіне байланысты Самарқанд қоймасындағы су жіберу көлемі арттырылды

  • 498
  • UPD: 20:15, 27.03.2018

Өңірлерде сақтық шаралары қолға алынды. Шығыс Қазақстандағы оқиға сабақ болса керек, Нұра өзенінде мұз жару басталды. Осы шараларға жауапты барлық маман күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген.

Ал Орал қаласының тұрғындарына әскерилер көмекке келді. Қолдарына күрек ұстаған сарбаздар қаланы қардан тазартып жатыр. 

Күрек ұстаған сарбаздар. Бұл көз үйренген көрініс емес. Сақтықта қорлық жоқ деген, тепсе темір үзетін жігіттердің көмегі керек-ақ. Өйткені ауа-райы күрт жылынар болса, еріген қар суы бой бермейтіні анық.

Медет Мұхтаров, 5517 әскери бөлімінің взвод командирі:

-Осы жерде 40 сарбаз жұмыс істеп жатыр. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында. Мақсатымыз тек осы жерде емес, қаланың қауіпті жерлерінде қарын тазалауға өз үлесімізді қосудамыз.

Қазір су қоймаларындағы мұздың көбесі сөгіле қойған жоқ. Топырақ бетіндегі тоңның қалыңдығы 1 жарым метр. Судың бетін қайтару үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр. Бұл істен қала тұрғындары мен жекелеген нысан иелері де қалыс қалмауы тиіс. Әркім өзіне тиесілі аумақты тазалап, қарды шығарып қойса, оны коммуналдық мекеменің техникалары тиеп, сыртқа алып кетеді.

Мұрат Мұқаев, қала әкімі:

- Ең қауіпті аудандарымыз бәрінде екі ауысымда, күндіз-түні жұмыстары атқарылып жатырн. 60-қа жуық КамАЗ машинасымен және 20 қар тиегіш техникасымен бұл жұмыс өз жалғасын тауып жатыр. 

Ал Қарағанды облысында күн райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Нұра өзені тасыған соң Самарқанд су қоймасында су жіберу көлемін арттыруға тура келді. Құтқару қызметінің мамандары апаттың алдын алу үшін Нұра өзенінде мұзды жарып жатыр. Ақмола облысында да сәуір айының 10-ына қарай су тасу қаупі бар. Келесі айдың бірінші жартысында аймақта күндіз ауа температурасы 15 градусқа дейін көтеріліп, түнде де 0 градустан жоғары болады. Оның үстіне сәуір айы жауын-шашынды.

Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры:

- Облыс аумағында 28 гидробекет бар. Олардың 20-сы өзендерде, ал 8-і көлдерде орналасқан. Әрқайсысындағы су деңгейін күнделікті өлшеп, құзырлы органдарға мәлімет беріп отырмыз. Ал келер жылы аймақта тағы 7 гидробекет іске қосылады.

Синоптиктердің айтуынша, өзен-көлдердегі ылғал қоры былтырға қарағанда біршама төмен. Алайда бұл қауіп-қатер жоқ дегенді білдірмейді. Қазір барлық су айдыны қатаң бақылауда. Ал аймақтардағы жағдай қалыпты.

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Талғат Серікқалиұлы, Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы