387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігін арнайы комиссия тексереді

  • 701
  • UPD: 20:59, 27.03.2018

Кемероводағы қайғылы жағдайдан соң еліміздегі барлық сауда орталығы жаппай тексеріледі.

Тіпті елордадағы ойын-сауық орындары мен денсаулық сақтау, білім беру және мәдени, спорттық нысандардағы өрт қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Осылай деген қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы бұл тексерістер жоспардан тыс жүргізілетінін айтты.

Бас қаладағы 60 шақты денсаулық сақтау мекемесі, 300 балабақша мен 100 мектептің өрттен сақтану жүйесі жіті тексеріледі. Оның ішінде 50 жоғары оқу орны мен колледж бар.

Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- 83 сауда орны және 9 ірі ойын-сауық орталығы бар. 25 базар тіркеліп отыр. Сондай-ақ қала бойынша адам көп шоғырланатын 200 қонақүй, 60 хостел және 600-ден астам тамақтану орны тіркеліп отыр. Бұлардың бәрі тексеріледі. 

Астанада былтыр 6 ірі сауда орталығы тексерілген. Нәтижесінде 32 заң бұзушылық анықталып, 3 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қауіпсіздік ережелерін ескермегендерге 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 120 250 теңге. Әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылады. Қайта тексеруден кейін олқылықтар жойылмаса, материал сотқа жөнелтіліп, 100 АЕК көлемінде айыппұл рәсімделеді. Немесе нысан қызметі тоқтатылады.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бұл жерге операторды кіргізбеді. Сондықтан ұялы телефонның камерасымен түсіруге тура келіп тұр. Жалпы, елімізде қазір 1 мыңнан аса сауда орталығы бар. Биыл барлығы дерлік тексеріледі. Кемероводағы қайғылы жағдайдан соң жоспардан тыс тексеру көбейеді. Эвакуация жолдарына, қауіпсіздік жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Ал талап бойынша қосымша есік ашық болуы тиіс. Егер жабық екендігін анықтасаңыз, төтенше жағдай мамандарына хабарласып, арыздана аласыз.

Алдын ала болжам бойынша Кемероводағы өрт кезінде қосымша есіктер жабылып қалған. Сол себепті іште кептеліс пайда болып, кейбіреулер терезеден секіріп кеткен.

Мейрамбек Қайсанов, қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- Біріншіден, жаңағы шығатын есіктер, жолдар бәрі бос болуы керек. Ішінен уақытылы және жеңіл ашылуы керек. Және шығу жолдарында едендерді, төбені, қабырғаны жанатын заттармен жабдықтауға болмайды.

Бұдан былай адам көп шоғырланған орындарды тексеру күшейтіледі. Осылай деген үкімет басшысы Кемероводағы қасіретті жағдай бәрімізге сабақ болатынын айтты.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы