389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында көктемгі балық аулау маусымы басталды

  • 995
  • UPD: 13:49, 28.03.2018

Бір кездері аймақтың басты байлығы болған балық шаруашылығы қазір мұнай-газ өндірісінің көлеңкесінде қалды.

Оның үстіне табиғи байлық балық қоры да жыл санап азайып келеді. Осыған байланысты қазір табиғат пайдаланушыларға қатаң талаптар қойылып жүр. Олар тек теңіз маржандарын аулауға ғана емес, оның санын көбейтуге де атсалысуы тиіс.

Жігіттердің алғашқы тартымы жаман емес секілді. Ауларына қарагөз, табан, шортан, көксерке, сазан, құты секілді балықтар аздап түсіп жатыр. Дегенмен әлі балық жүрген жоқ. Өйткені маусым жаңа басталды әрі мұздың көбесі күні кеше ғана сөгіліп, су әлі біршама салқын болғандықтан, балықтар теңізден өзенге қарай уылдырық шашуға асыға қоймайды. Биыл облыс бойынша 10700 тонна балық аулауға рұқсат етілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 мың тоннаға кем. Онсызда жыл санап азайып бара жатқан табиғи байлыққа нұқсан келтірмеу үшін ихтиолог ғалымдардың арнайы есебімен берілген лимит осы. Сонымен қатар биылғы маусымнан бастап өндірістік кооперативтерге жаңа талап қойыла бастады. Ендігі жерде табиғат пайдаланушылар балық санын өсіруге де атсалысатын болады. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылып жатқандығын қазір балықшылардың өз аузынан естиік.

Асқар Ғалымов, өндірістік кооператив директорының орынбасары:

- Біз биыл теңіз бен өзендерден 700 тонна балық аулауға лимит алдық. Көктемгі және күзгі маусым аяқталғанша жоспарды орындап үлгереміз бе деген сенім бар. Сосын биыл тұңғыш рет өзіміз қолдан балық өсіруді қолға алып жатырмыз. Көршілес Астарахань облысындағы кәсіпорындармен келісімшартқа отырып 10 млн дана шабақ сатып алып жатырмыз. Бұйыртса, ол шабақтарды мамыр айында тоғандарға жібереміз. Бұйыртса, осындай жолмен балық қорын сақтап қаламызба деген жоспарымыз бар.    

Өңірдегі әрбір өндірістік кооператив осындай жобаны қолға алса, табиғи балық қоры біртіндеп қалпына келер еді деген үміт бар. Ал қызыл балық атанған бекіре тұқымдас балықтарды өндірістік мақсатта аулауға мүлде рұқсат жоқ. Ғылыми селекциялық мақсатта аз ғана көлемде ауланады. Бұл мақсатта Атырауда бекіре шабақтарын өсіретін 2 зауыт жұмыс істеп тұр. Осындағы зертханаларда тірі балықтың уылдырығын сауып алу әдісі арқылы бекіре шабақтарын өсіріп отыр. Олар мемелекетттік тапсырыспен жылына 7 млн дана шабақ өсіріп, табиғи ортаға жібереді. Бұдан бөлек өндірістік кооперативтер бөлген қаржыға тапсырыс бойынша қосымша 600 мың дана бекіре шабағы өсіріледі екен. Бұл өңірдегі балық аулау кәсіпорындарының табиғи байлықты қалпына келтіруге қосып отырған үлестері.

Авторы: Бекен Әлирахым

Хабар 24 телеарнасы