387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде 200-ден астам үйді су басты

  • 798
  • UPD: 22:19, 29.03.2018

Семей қаласында Ертістегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты жағдай ушығып кетті.

Қаланың сол жағалауындағы Бобровка саяжайы мен оң жағалаудағы Затон аумағындағы Лодочная, Краевая көшелері су астында қалды. Тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Жергілікті әкімдік «бұл төтенше жағдайға Ертіс бассейні инспекциясының алдын ала ескертпей көп мөлшерде су жіберуі себеп болып отыр», – дейді. Соңғы ресми мәліметтер бойынша, 200-ден астам үйді су басқан. Біздің түсіру тобымыз күні бойы осы аймақтарда жұмыс істеді.

Бобровка кентіндегі жүздеген халықтан қазір маза қашқан. Олар құжаттары мен бала-шағаларын алып, үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Қазір полиция қызметкерлері эвакуация жұмысымен айналысып жатыр. Дегенмен судың қарқыны төмендейтін түрі жоқ. Міне, қазірдің өзінде қас-қағым сәтте мына жолды су шайып бара жатыр.

Қайырлы Рахимов, қала тұрғыны:

- Алдына ала ескерту жасалған жоқ. Енді су басып жатқанда елдің бәріне хабарландыру жасап жатыр.

Архат Еламанов, Бобровка саяжайының тұрғыны:

- Бізге айттық дейді, Калинканың арғы жағына айтса айтқан шығар, бер жағына айтқан жоқ. Саяжайлардың арасында жүріп ешкім ештеңе айтқан жоқ. Көршілерімнен естідім, қашып бара жатқанын көрдім. Енді мен не істеймін, баламды құшақтадым, әйелім сөмкені құшақтады, құжаттарды алды, болды.

Мұрат Тұрғынбеков, Бобровка саяжайының тұрғыны:

- Бір қыз бала қалып қалыпты, көршінің жанында. Соны белуардан екі бала көтеріп әкелдік, ТЖМ бар, екі құтқарушы. Білмейміз енді не істейтінімізді. Мынау қиын жағдай. Бұған халыққа үлкен көмек керек. Су әлі көтеріліп келеді, трассаның шетіне жетті. Жаңа үйімізді, моншамызды басып қалды. Үйіне кіріп кетті, түгел үйлерге кіріп кетті, не істерімізді білмейміз.

Қала басшылығы бұл жағдайға Шүлбі су электр стансасынан келген артық су себеп болғанын айтады. Ал су жіберу жұмысын Су ресурстары комитетіне қарасты Ертіс бассейні инспекциясы реттейді.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

- 500-600-650 текше метр су берілген, 27-28 наурызда 3 есе көбейіп, барлығы 1800 болды. Сол артық су бүгін Семейге келіп, тұрғындарды әуреге салып жатыр. Бірақ барлығы бақылауда. Жұмыстарымызды істеп жатырмыз. Енді біз дайындалып отырдық, үлкен судың жан-жағын қарап отырмыз. Бірақ ескерту болған жоқ.

Бүгін мұз жару кезінде жағалаудағы бірқатар үйдің терезелері сынған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл шығындардың барлығы өтелетінін айтты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы