389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аутизм туралы ақпарат тарату күніне байланысты елімізде акциялар ұйымдастырылды

  • 1113
  • UPD: 23:06, 02.04.2018

Еліміздің кейбір аймақтарында аутизмі бар балаларға арналған орталық жоқ. Сондықтан аталған дертпен күресу үшін ата-аналар бүлдіршіндерін шет елдерге апаруға мәжбүр.

Бүгін бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күнінде кейбір азаматтар осындай назын жеткізді. Қазір бұл сырқат балғындар арасында ушығып барады. Сондықтан еріктілер осы мәселеге қоғам назарын аудару үшін жер-жерде акциялар ұйымдастырды. Игі істің басы елордадан басталды. Бас қалада ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге  арнайы мультипликациялық фильм көрсетілді. 

«Коконың құпиясы» мультфильмін тамашалауға 300-ге жуық көрермен жиылды. Анимациялық туынды қазақ және орыс тілінде  көрсетілді. Залда аутизмі бар балалар  болған соң, оларға туындыны еш алаңсыз тамашалауға барлық жағдай жасалды. Мәселен, көрсетілім кезінде мультипликациялық фильмнің дыбысы баяу шығып, жарық толық өшірілген жоқ.  Шараның негізгі  ерекшелігі де осында. Мәселен, Әсет Жақсыбектің ұлына да аутист диагнозы қойылған. Бүгін кішкентай Айтмұхамет қатарластарымен бірге кинотеатрға келіп, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінді. Мұндай игі бастамалардың қашанда мәні мен маңызы зор екені анық.

Әсет Жақсыбек, қала тұрғыны:

- Біздің осындай балаларымыз қоғамға бейімделіп, әлеуметтеніп, сонымен қатар, өзінің басқа құрбы-құрдастарымен араласып, өмірге деген қадамдарын өздерін дамытуға өз септігі тиеді деп ойлаймын. Қоғамда жүргенде, адамдармен бірге жүрген кезде ондай адамдарға өте пайдалы деп ойлаймын.

Аутист диагнозы қойылған балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында елімізде 2013 жылы «Аутизмді жеңеміз» жобасы қолға алынғаны белгілі.  Сәйкесінше, бірегей бастамаға орай  бүгін еліміздің түкпір-түкіпірінде  түрлі  акциялар ұйымдастырылды. Мәселен Алматыда «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» мен аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсететін «Ашық әлем» қоры қоғам назарын ерекше қажеттілігі бар балаларға аударды. Шара аясында аутист балалар түсірген фото суреттердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, алғаш рет инклюзивті театр ұйымдастырылып, балалар жеткен жетістіктерін шағын қойылым арқылы көрсетті. Айта кетейік, жарты жыл бұрын балаларды топтық іс-қимылға  үйрететін «Шекара сыртындағы футбол» жобасы қолға алынған болатын. Бүгін атақты «Қайрат» футбол командасы ойыншыларының қолдауымен аутист балалар да  ала допты бағындырды.

Әлем бойынша өтіп жатқан шарадан  петропавлдықтар да шет қалмады. Қаланың белсенді жастары орталық алаңға жиналып, бір уақытта көкке 100 шар ұшырды. Осылайша олар шаһар тұрғындарына  ақпарат парақшаларын таратып,  халыққа аутизммен ауыратын адамдармен қалай сөйлесу қажеттігін тілге тиек етті.

Зарина Әлішева, қала тұрғыны:

- Бір жыл бұрын өзім секілді аутизммен ауыратын балалардың аналарымен таныстым. Содан бері бір-бірімізбен дертті емдеу жолдарымен бөлісіп, етене араласып кеттік.  Қазір бәріміз біргеміз. Біз бұл мәселеге қоғамның назары түссе дейміз. 

Аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған игі іс Шымкентте де жалғасын тапты. Жалындаған жастар да алаңға шығып, «Аутизмді жеңеміз!» деп ұрандатты. Һәм қолдарындағы көгілдір түсті шарларын аспанға ұшырды. Бұл аутистикалық спектрдегі ауытқулары бар науқастарға деген қоғамдық қолдаудың белгісі болып саналады. Атап өтейік, қазір Оңтүстік Қазақстанда аутизмі бар 123 бала есепте тұр. Оның 23-і – мектеп жасындағы жасөспірімдер болса, 29-ы – оңалту орталығында. 

Айсұлу Мұсабаева, ерікті:

- Дүниежүзілік сараптама бойынша осы аурумен ауыратын адамдардың саны күрт өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттік бағдарламалардың көбеюіне септігімізді тигізсек, сонымен қатар осы балалардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне көмектескіміз келеді. Және олардың ата-аналары мен балаларына үміт сыйлаушы ретінде өзімізді көреміз. Және бұл қадам біз үшін өте маңызды.

Мұндай игі іс бүгін еліміздің басым бөлігінде өтті. Мақсат - аутизмі бар балаларды қоғамның толықанды мүшесі ретінде қабылдап, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыру.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Гүлжан Көленқызы, Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы