385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-дағы 66 елді мекенге газ жеткізу жұмыстары жүргізілуде

  • 861
  • UPD: 10:28, 03.04.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 45 елді мекенге құбыр тартылған соң, ауылдықтар көгілдір отынды тұтына бастайды.

Сонда өңірдегі тұрғындардың 66 пайызы табиғи газбен қамтылады. Бұл облыстағы әлеуметтік, экологиялық һәм экономикалық жағдайдың жақсара түскенін білдіреді.

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында 2800-ден асатын үй бар. Арыс өзенінің аңғарында орналасқандықтан қысы суық, желді келеді. Аязды күндері ауылдағы үйлер жаппай көмір жағып, жылыта бастаған кезде аспанды түтін торлап алады. Мұсабек Досалыұлы бір жылда 10 тоннадан аса көмір жағатынын айтады. Ал үлкен үйі бар азаматтар одан да көп жағады екен.

Мұсабек Досалыұлы, Темірлан ауылының тұрғыны:

- Көмірдің нашары да бар, үйді жылытпайды. Күл аласың, көмір саласың – бұл тауқымет емей немене? Келіндердің уақыты сонымен кетеді. Бала-шаға бар, тамақ, бар, кір жуады, жұмысы бар.

Қыста жел тұрмаған, тымырсық күні ауыл ыс сасып кетеді. Сол кезде өкпе-тыныс ауруымен науқастанған жандардың денсаулығы күрт нашарлайды екен. Дәрігердің көмегіне жүгінетіндер көбейеді. Өңірді газдандыру бірнеше мәселені қатарынан шешуге ықпал ететін болады.

Әбдімәлік Әшіров, ОҚМПУ профессоры:

- Газ көмірмен салыстырғанда 15 есе зиянды газды аз шығаратын болады. Сондықтан да бұл экологияға үлкен пайда келтіреді. Ал экологияның денсаулыққа тікелей әсері бар.

Темірлан ауылына қазір газ құбыры тартылып жатыр. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 89 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оған 16,2 миллиард теңге бөлінген. 2 автоматты газ тарату стансасы, 4 газ жеткізу құбыры салынып жатыр. Сонымен қатар 66 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Кейбірінде құрылыс жұмыстары келесі жылы бітеді.

Нұралхан Шәріпов, энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Біз үстіміздегі жылы 45 елді мекенде құрылысты аяқтаймыз деп отырмыз. Соның қорытындысымен біздің облыстың көрсеткіштері, елді мекенмен есептегенде, 46 пайызға артып, халықтың 66 пайызы газбен қамтылады.

Өңірде атқарылатын жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 96 пайызы құбырмен тартылған көгілдір отын тұтынатын болады.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы