384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда тасқынның алдын алу жұмыстары күшейтіле түсті

  • 540
  • UPD: 23:27, 03.04.2018

Павлодар облысында Шүлбі су қоймасынан босатылатын судың әсерінен Ертістің деңгейі көтеріліп жатыр.

Гидроэлектр станциясында жиналған су көлемі жобалық қуаттылықтан артық болғандықтан, өзен суы күніне 20 см-ге көтерілген. Осы жайтты қаперге алған сала мамандары бақылау жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері де мұздағы қауіпсіздік шараларын күшейте түскен.

Құтқарушылар қауымы кезекті рейдке шықты. Ертіс өзені суының көтеріліп жатқанына қарамастан, әсіресе демалыс күндері балық аулауға келетіндердің қарасы қалың. 70 жасты еңсерген Владимир Макаров балыққа күнде келуді әдетке айналдырған.

Владимир Макаров, қала тұрғыны:

Мұздың үстінде жүру, әрине, қауіпті. Оған қоса күн де суық. Бірнеше күннен соң балық аулауды доғарамын. Себебі су көтеріліп жатыр.

Шүлбі су қоймасынан босатылатын су Ертіс өңіріне бірнеше күннің ішінде жетеді. Десе де бұл әуесқой балықшыларды алаңдатпайтын сияқты. Осыны қаперге алған жергілікті құтқарушылар алдын алу жұмыстарын күшейтіп, тәуліктік кезекшілікке көшкен. Бүгінгі күнге дейін 1600 балықшы арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде мұздың қалыңдығы 65 см-ден асса да, өзеннің жиегі еріп жатыр. Алайда ескертуге құлақ аспағандар жетерлік. Бірнеше күн бұрын мұздың үстінде серуендеген 12 бала құтқарылды.

Серік Шериязданов, облыстық жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:

– Қыс басталғалы бері осы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар тәулік бойы қызметін атқарып жатыр және осы судың жағдайына, мұз жағдайына күнделікті бақылау жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында су деңгейі бір метрге көтерілді. Ал Лебяжі және Май аудандарындағы көрсеткіш – жарты метр. Су босату үрдісі облыстағы 19 гидрологиялық бекетте күніне төрт рет өлшенеді.

Марина Минчакевич, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-гидролог маманы:

– Шүлбі қоймасынан босатылатын су көлемі секундына 1800 текше метрге артты. Бүгінде бұл гидробекеттегі су деңгейі 443 см төңірегінде. Ал қауіпті деңгей бұдан екі есе көп, яғни 800 см болғанда тіркеледі. Осындай жағдай соңғы рет 17 жыл бұрын тіркелген.

Мамандардың сөзіне сенсек, биыл Шүлбіден келетін су көлемі 5 текше шақырымды құрамақ. Бұл сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30%-ға кем. Сондықтан Ертіс өзені арнасынан шықпайды деген болжам бар. Десе де жыл сайын қауіп төнетін өзенді бойлаған 10-нан астам елді мекен бақылауға алынған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы