384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге 3500 ерікті көмекке келді

  • 445
  • UPD: 21:56, 04.04.2018

Шығыс Қазақстан облысындағы тасқынға тосқын жұмыстарына барлық сала мамандары жұмылдырылып жатыр.

Осы уақытқа дейін бір жарым мыңға жуық ерікті қол ұшын созды. Бұл жұмыстарға кешелі бері тағы үш жарым мыңға жуық мемлекеттік қызметкер қосылды. Олар су тартылған ауыл, аудан, қалаларды тазалауға көмектесуде. Ал өңірде тасқынның екінші легі болуы мүмкін. Сондықтан өзен-көлдердің бойындағы бөгеттер бекітіліп жатыр. 

Тасқынға алғаш тап болған аудандарда қазір жағдай тұрақталды. Қазір су басқан аулалар мен үйлер тазаланып жатыр. Бір ғана Глубокое ауданындағы 9 ауылда 184 баспанаға су кірген. Бүгінде бұл ауданда су басқан аумақтарды тазалауға 500-ге жуық ерікті келді. Қазірдің өзінде 10 шақты үйге жөндеу жұмысын жүргізіп үлгерді. 

Ал тасқын қаупі әлі толық сейлімеген Зырян ауданында еріктілер енді ұйымдасып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».

Марина Лисовцева, Зыриян қалалық жастар орталығының директоры:

- Су деңгейі түсе сала тазалау жұмыстарына кірісеміз. Әуелі су көп басқан Зырянның ескі бөлігіне кірісеміз. Ол жерде 100 еріктіден құралған  бірнеше топ жұмыс істейді.

Әзірше еріктілер баспаналарын су басып, қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға психологиялық кеңес беріп жүр. Жалпы аудан бойынша әлі 300-ге жуық адам өз шаңырағына орала алмай отыр.

Илья Онищенко, ерікті:

- Үйлерін су басқан адамдары түсінуге болады. Дегенмен біз  кәсіпкерлермен де сөйлесіп, көмектесуін өтініп жатқанымызды айтып, көңілдерін тыныштандыруға тырысамыз. Ең болмағанда төсек жабдығы, тіпті бір ормал алып беруге септігіміз тисе дейміз.

Зырян ауданында 80-ге жуық тоған мен 20-дан астам су бөгеті бар.  Тасқынның алғашқы легінде Бұқтырма өзенін жағалай қонған кейбір   ауылдарды осы бөгеттерден асқан су басып қалды.

Малеев ауылының тұсындағы Бұқтырма өзеніндегі бөгет 1970-жылдары салынған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, содан бері бірде-бір рет жөнделмеген. Биыл өзеннің бойына мұз кептеліп, бөгетті бұзып өткен. Қазір өзен суы етектегі ауылдарға жайылып жатыр.

Өзен бойында кептелген мұзды жарып, бөгеттер бекітіліп жатыр. Оған облыстағы инфрақұрылымға жауапты барлық коммуналдық сала мамандары жұмылдырылды. Ал еріктілер құм салынған қаппен тасықанға бөгет жасап жүр. Зырян ауданында тасқын тағы да болуы мүмкін. Сондықтан аудан әкімдігі мың адамды көшіруге болатын орын дайындап қойды. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы