389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда қазақ тілін үйренуге құлшынысы артқандар көп

  • 672
  • UPD: 22:04, 07.04.2018
Ақтауда қазақ тілін үйренуге құлшынысы артқандар көп

Ақтаулықтар қазақ тілін тегін үйренеді.

Қаладағы оқу орталықтарының бірінде үш айлық жедел курс ашылған. Мұнда келгендер күнделікті жиі қолданылатын сөйлемдерді жаттап, өзара әңгімелесу арқылы сөздік қорын байытады. Орталықта әзірге 15 адам дәріс алып жатыр. Ал кезекке тұрғандардың саны жүзден асады. Өзгелерге үлгі бастаманы қолға алған кәсіпкер демеуші табылса, тағы бірнеше топ ашуға дайын. 

10 сынып оқушысы Лев Кошелевтің қазақ тілі курсына келіп жүргеніне бір аптадан асты. Аз уақытта мемлекеттік тілде жазылған сөздерді жіктеп оқи алатын дәрежеге жетіп қалды. Ол тегін оқу орталығы туралы хабарландыруды әлеуметтік желіден оқыған. Қазір өз сыныптастарын қазақ тілін тегін үйренуге шақырып жүр.

Лев Кошелев, мектеп оқушысы:

- Мен қазақ тілін үйренгім келеді. Маңғыстау халқының басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейді. Өзім туып-өскен қалада мемлекеттік тілде еркін сөйлетін өзге ұлт өкілдерін де жиі көремін. Қатарымнан қалмау үшін осы орталыққа жазылдым. Оқуда жаттаған сөздерімді үйге барған соң жақындарыма айтып бөлісемін.

Тегін курсқа қатысушылардың білімі үш айдан соң сарапқа салынады. Емтихан тестілеу емес, ұстазбен еркін сөйлесу түрінде өтеді. Бас-аяғы 30 сұрақтың 60 пайызына дұрыс жауап берген оқушыға сертификат беріледі.

Жадыра Әліпбаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Сабақ беру барысындағы ерекшелік, біз сөйлеген кезде сөйлемдердің 50 пайызы етістіктерден құралады. Біз нақты іс-әрекеттерді қазір істеп жатырмыз, өткен шақта істедік немесе болашақта істейтін боламыз. Осыны адамдар түсінулері керек.

Қазақ тілі курсына жазылуға ниетті тұрғындар жасына шектеу қойылмайды. Мұндағы дәріс күніне 2 сағат, аптасына 5 рет өтеді. Орталық кабинеттері оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған. Жуырда құрылған екінші топты оқыту шығынын да демеушілер көтеріп отыр. 

Жанна Алмакаева, оқу орталығы басшысының орынбасары:

- Қоғамда қазақ тілі мәртебесін көтеру Елбасы жолдауында бірінші кезекте айтылып жүр. Осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесімізді қосу үшін  тегін курс ашуды ұйғардық. Шынын айту керек, қатысушылар саны біз ойлаған межеден асып түсті. 300-ден аса адамның барлығы бірдей оқытуға қаражат жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер мен меценаттарға хат жазып, көмек сұрап отырмыз.

Әлеуметтік жоба ұйымдастырушылары аймақтағы барлық мекеме-кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазақ тілі курсы тапсырыс беруші ұжымның өтінішіне қарай оқу орталығында немесе жұмыс орнында өткізіледі.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы