389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында қант қызылшасын егу жұмыстары басталды

  • 720
  • UPD: 22:52, 08.04.2018

Биыл өңірде 10 мың гектардан астам жерге балтамыр дәні себіледі.

Жергілікті диқандар іске жылдағыдан ерте кіріскен. Қазір жалпы көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоспарланған алқаптардың тең жартысы жыртылып, жаздық масақты дақылдардың 47 пайызы себіліп те қойды. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Байзақ ауданының диқандары қант қызылшасын егуді алғашқылардың бірі болып бастады. Жалпы өңірдегі 10 мың гектардан астам тәтті түбірдің 2300-і осы ауданға себіледі. Жергілікті дала еңбеккерлері оның 400 гектарын тамшылатып суармақ. Ал қалғаны дәстүрлі технологиямен егіліп жатыр.

Былтыр облыста қант қызылшасы 9500 гектар жерге егілсе, биыл көлемі мың гектарға ұлғаяды. Осының арқасында 270 мың тонна тәтті түбір жинап алу көзделіп отыр. Ал қант өндірісін 15 пайызға дейін арттыру жоспарда. Мол өнімге қол жеткізу мақсатында диханшыларға Франция мен Германия елдерінен сапалы тұқымдар жеткізіліп жатыр. «Бірақ бағасы тиімсіз» дейді шаруалар.

Саха Манатов, шаруа:

- Қазір келіп жатқан ұрық өте қымбат болып жатыр. Қымбат болған себебі екі посредниктен өтіп жатыр ол. Мысалы зауыт өзі диллерден сатып алмайды. Оған посредник келіп әкеп береді. Бұл автоматический 20-25 пайыз қосылып жатыр. Қазір бізде ең қымбат ұрығымыз, ең жақсы гибридті сорттарымыз 63 500 болып жатыр. Оның бағасы қазір приблизительно 35-38 мың теңге болу керек.

Бұл мәселе өңір басшысының жеке бақылауына алынды. Қазір жергілікті шаруалар 100 гектар жерге балтамыр тұқымын сеуіп қойды. Науқан толығымен сәуір айының соңына дейін аяқталады. Жалпы үш жылда қант қызылшасы алқаптарының көлемін 15 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Шаруаларды ынталандыру үшін мемлекеттік жеңілдіктер мен субсидиялар қарастырылған.

Берік Нығмашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Өткен жылмен салыстырғанда бүгінгі күні алшақ тұрған аудандарға  қант қызылшасының бағасы сатып алу бағасы 1 теңгеге өсті. 8 теңгеден 9 теңгеге. Оған қоса өткен жылы егер әр келі қант қызылшасының бір килограмына төленетін 10 теңге болатын болса мемлекет тарапынан. Ол биылғы жылы 12 теңгеге көтерілді.

Айта кету керек, облыста алғаш рет космомониторинг жобасы қолға алынбақ. Бұл егістіктердің жағдайын біліп, алқаптардың тиімділігі мен сапасын уақытылы бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Берік Нығмашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Космомониторингтің арқасында бүгінгі күні осы егістік жерлердің күйін, жағдайын жаңағы өсімдік қорғау шараларын қашан жасау керек екендігін соның барлығын бір мезетте білетін боламыз. Барлық аудандар, шаруашылықтар бойынша. 

Жалпы аймақта ауылшаруашылығы жерлерін әртараптандыру бағытына басымдық беріледі. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 650 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың гектарға артық. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған 3 мың тонна жанармай дайын. Егіс жұмыстары аяқталғанға дейін тағы 12 мың тонна жеткізілмек. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы