387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы Сырым мен Қаратөбе аудандарына газ келді

  • 596
  • UPD: 07:51, 09.04.2018
БҚО-дағы Сырым мен Қаратөбе аудандарына газ келді Turkystan.kz

Батыс Қазақстан облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді.

Егер он жыл бұрын өңір халқының 68 пайызы ғана көгілдір отынды тұтынса, бүгінде 94 пайызы табиғи газды пайдаланады. 153 елді мекенге құбыр тартылды, оған 25 млрд теңге жұмсалды.

Жайық жұртшылығын көгілдір отынмен қамту ісі 2010 жылы қарқын алды. Сол жылы Қарашығанақ-Ақсай-Орал магистральды құбыры салынған еді. Нәтижесінде бұрын мүлде газ бармаған Сырым, Қаратөбе аудандарына көгілдір отын жетті. Бүгінде Сырым ауданындағы 23 елді мекен толықтай газдандырылған. Тоғанас – солардың бірі. Ауылға газ былтыр келіпті.

Тыныштық Жанбалиева, Тоғанас ауылының тұрғыны:

- Бұрын отын тасып, от жақтық. Қазір жақсы, Құдайға шүкір, отын шығару жоқ, тезек тасу, отын жинау жоқ. Рахатын көріп отырмыз ғой.

Ауыл аналары отпен кіріп, күлмен шығудың қиындығынан құтылғанына мәз болса, әлеуметтік нысан басшылары жылыту шығындары азайғанына қуанышты. Мәселен, ауылдағы аумағы 6 мың шаршы метрлік білім ордасын жылытуға бұрын 120 тонна мазут кеткен екен.

Роза Ихсанова, Тоғанас орта мектебінің директоры:

- Қысқы уақытта қиын болды. Салқындау болды. Температура режимін сақтамадық. Қазіргі уақытта өте жылы. Көгілдір отынмен үнемдеу өте көп. Қаржыны 10 есе аз жұмсап отырмыз.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында газдандыруға ерекше екпін түсірілгені мәлім. Көгілдір отынның қызығын көріп отырған батысқазақстандықтар оның маңызын бек жақсы түсінеді. Алыс ауылдарға табиғи газ жетуі тұрғындардың жайлы тұрмыс іздеп, қалаға қоныс аударуын азайтты. Әрі кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізді. Мәселен, жымпитылық Бейбіт Тахамбетов бүгінде екі жылыжайға көкөніс егіп, жұмыс орындарып ашып, ауылдастарын арзан өніммен қамтып отыр.

Бейбіт Тахамбетов, кәсіпкер:

- Қияр, қызанақ, аскөк егіп жатырмыз. Өткізетін жеріміз ауылдың іші, ауыл тұрғындарына береміз.

Осыдан 10 жыл бұрын облыс халқының 68 пайызы табиғи газбен қамтылса, бүгінде бұл көрсеткіш 94 пайызды құрайды. Осы жылдары газдандыруға 25 млрд теңге бөлініп, 153 елді мекенге газ құбыры тартылыпты. Биыл да 23 ауылға көгілдір отын жеткізу жоспарланған.

Қуаныш Шарафутдин, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- 23 елді мекенді қосқан жағдайда 95 пайызға жетеміз. Сосын Қазталов ауданы бойынша 13 елді мекенді газдандыруға тиісті қаражат бөлінді. Зеленов ауданы бойынша тағы бір жобаға облыс бюджетінен қаражат бөлінді. Бұл жобаларды іске қосқанда газбен қамтылу үлесін 96 пайызға жеткіземіз.

Сонымен қатар келер жылы Теректі ауданында 19 елді мекенге газ тарту көзделген. Бүгінде тиісті бюджеттік өтінім Энергетика министрлігіне жолданды. Облысты газдандыру жұмыстары 2020 жылы толық аяқталмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы