387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жанар-жағармай бағасы қымбаттады

  • 478
  • UPD: 23:42, 10.04.2018

Көктемгі егіс науқаны қарсаңында елімізде жанар-жағармай бағасы бірден 5 теңгеге қамбаттап кетті.

Осылайша литрі 146 теңгеден берілуі тиіс жеңілдетілген сұйық отын қазір 151 теңгеден сатылып жатыр. Бұған Қарағанды облысының диқандары наразы. «Баға негізсіз көтеріліп отыр», – дейді олар.

Қысы алты айға созылатын Арқаның диқандары дән егу науқанын тек мамыр айының соңында бастайды. Бірақ шаруалар қазірден дабыл қағып жатыр. Жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай бағасы сәуір айында бірден 5 теңгеге қымбаттап кеткен. «Себебін сұрап энергетика министрлігіне хат жолдағанмен, еш жауап болмады», – дейді фермерлер.

Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы:

- Энергетика министрлігі бағаның не себепті өскенін түсіндірмей отыр. Ведомствоға бірнеше рет депутаттық сауал жолданды, Ауыл шаруашылығы министрлігі хат жазды. Бірақ жауап жоқ. Енді науқанның нағыз қызатын шағы мамыр айында тағы қымбаттай ма деп қауіптеніп отырмыз.

Биыл Қарағанды облысы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 18 мың тонна жанар-жағармай керек. Ақшасы және отын сақтайтын қоймасы бар ірі шаруашылықтар наурыз айында арзан бағамен жеткізіп алыпты. Ал ұсақ шаруашылықтар әдеттегідей қымбатқа ұрынып отыр.

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Наурыз айына бөлінген 2 мың тоннаны біз қазір қабылдап алдық. Литріне 146 теңгеден келіп түскен болатын. Ал сәуір айына акциздің көтерілуіне байланысты жоғарылайды деген жоба болып жатыр. Енді оған бүгінгі таңда келісімшарт жүргізіліп жатыр. Оның нақты себептерін айта алмаймыз. 

«Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылғандықтан, ертең отын тапшылығы болуы да әбден мүмкін, – дейді диқандар. Қалай дегенмен де министрлік өкілдері бір мәмілеге келіп, бағаны төмендетеді деп үміттенеді шаруалар. Айта кету керек, биыл Арқа диқандары 980 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл сіңіреді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асаинов

Хабар 24 телеарнасы