384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде табиғи ресурстардың ұлттық мәліметтер банкі құрылады

  • 726
  • UPD: 07:41, 19.04.2018
Елімізде табиғи ресурстардың ұлттық мәліметтер банкі құрылады

Елімізде табиғи ресурстармен айналысатын ұлттық мәліметтер банкі құрылады. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылмақ.

Мұндай ақпаратты инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев Астанада өтіп жатқан Орталық Азия тау-кен өнеркәсібінің 9-форумында айтты. Жаңа банк жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Сол арқылы аталған секторға көптеп инвестор тарту көзделіп отыр.

Ұлттық мәліметтер банкін құру дерегі туралы отырыста айтылды. Алдымен жиынның мазмұнын һәм мәнін тілге тиек етейік. Жәй жиналыс емес. Орталық Азия тау-кен өнеркәсібінің ІХ форумы. Маңызы зор мәжіліске қазақстандықтардан бөлек шетелдік тау-кен саласының жетекші мамандары келген. 

Қазір елімізде бұл секторда 650-ден аса ірі және шағын компания жұмыс істейді. Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібі мұнай-газдан  кейінгі өндірістік көлемі ауқымды салалардың қатарында тұр. Бұл әлеуетті әлсіретіп алмау өзекті қазір. Себебі алып АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция жариялағаны мәлім. Ал Американың көршімізге танытқан суық қабағының қазақстандық кәсіпорындарға ызғары тимей ме? Министрдің орынбасары бұл орайда тиісті шаралар қабылдануы қажеттігін айтты.

Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

- Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі өте жоғары. Санкциялар көрші елдің барлық компаниясына емес, әзірге кейбіріне ғана салынып отыр. Сондықтан біздің өнеркәсіптің өнім көлемін төмендетуіне негіз жоқ. Бірақ санкциялардың біздің өндіріс орындарына залалы тимес үшін алдын ала тиісті шешімдер қабылдануы керек. Мемлекет тарапынан мұндай компанияларға қосымша көмек, жеңілдік жасау жағын да ойластырған жөн.

Тағы бір жаңалық. Алдағы уақытта табиғи ресурстар жаңаша ережемен пайдаланылмақ. Мемлекет басшысы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекске қол қойды. Заңнама дамыған елдердің тәжірибесіне негізделген. Оның ішінде геологиялық барлау мен өндіру жұмыстарындағы құжаттарды азайту көзделген. Және жаңа кодекске сай геологиялық ақпаратқа қолжетімділік жеңілдетіліп, ол цифрлық форматқа ауысады.

Вице-министр мұндай өзгерістерді форум барысында жеткізді. Ал тау-кенді барлайтын мамандар жаңа заңнамадан хабарымыз жоқ деп отыр.

Бірлік Әбдірахманов, геологиялық барлау серіктестігінің директоры:

- Елбасы жер қойнауы туралы жаңа кодекске қол қойғанын білеміз. Жуық арада ол күшіне енеді деп жатыр. Бірақ ондағы жаңашылдықтарды бізге ешкім айтқан жоқ. Саламызда қандай өзгерістер болатынынан әлі хабарсызбыз. Алдағы уақытта қалай жұмыс істейміз? 

Сондықтан энергетика мен инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері алдағы уақытта аймақтарға шығып, жер қойнауымен шұғылданатын мамандарды жаңа заңнаманың жай-жапсарымен таныстырмақ.

Мұндай жұмысты жүргізу өте өзекті. Себебі тау-кен ел экономикасының локомотиві саналады. Оның үстіне уақыт та тапшы. Неге десеңіз, Президент қол қойған жаңа кодекс маусымның 29-да күшіне еніп кетеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы