384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да жалпы құны 734 млн теңге болатын 109 жобаны игеру көзделуде

  • 453
  • UPD: 13:43, 20.04.2018

Несие алып, несібесін сайлағандар саны артып келеді.

Мәселен, шағын кәсіпкерлікті қолдау Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Биылдың өзінде жалпы құны 734 миллион теңге болатын 109 жобаны игеру көзделіп отыр.

Қытаймен шекарада, Ежелгі Жібек жолының бойында орналасқан Үржар ауданында заман талаптарына сай автобекет болмапты. Жас кәcіпкер Мақпал Талғатқызы осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа нысан салуды қолға алған. Қазір мұнда жолаушылар үшін жан-жақты жағдай жасалған.

Мақпал Талғатқызы, кәсіпкер:

– Қазір 17 адамға жұмыс орны ашылды. Үстіңгі қабатта жөндеу жұмыстары бітті, онда жаңа қонақүй ашылады. Жұмысшыларға жұмыс орны ашылады. Үржар халқына автобекет аштық.

Ал Анар Қабдрашатқызы осыдан 6 жыл бұрын шағын наубайхана ашса, қазір кәсіпорны кең қанат жайып, 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Анар Қабдрашатқызы, кәсіпкер:

– Тәулігіне 3 мыңға жуық нан шығарамыз. Жаздың күні одан да көбейеді. Тоқаштар, тәтті бәліштер пісіріледі. Үржардан тағы бір наубайхана ашқым келеді.

Үржар ауданында 5 мыңнан астам шағын бизнес нысаны бар. Оның ішінде ет комбинаты, 2 сүт цехы, 500-ден астам сауда үйлері бар. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы былтыр 14 ірі жоба жүзеге асыпты.

Назым Байпейісова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Кәсіпкерлер қазір мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қаражат алып, кәсіптерін дамытуға үлес қосып жатыр. Кәсіпкерлікті дамытқан сайын жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр.

Биыл да мемлекет қолдауымен шағын және орта бизнес дами бермек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы ғана 100-ден астам жобаны жүзеге асыру көзделген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы