378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда спортшы жігітті мүгедек қылған қылмыскерлерге сот үкімі шықты

  • 589
  • UPD: 20:06, 20.04.2018

Петропавлда атышулы іске нүкте қойылды. Болашағынан зор үміт күттірген спортшы Ербол Хамитовты атқандар заңды жазасын алды.

Нақтырақ айтқанда бес жігітке «адам денсаулығына қасақана залал келтіру, ақша бопсалау, заңсыз қару ұстау және бұзақылық» сияқты бірнеше бап бойынша айып тағылған болатын. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл жастар арасындағы жанжалдың екінші күніне қатысты әрі осы оқиғаның басты соты. Ол жабық жағдайда өтті. Өйткені айыпталушылардың арасында 18-ге толмаған жасөспірім бар. Барлығы бес адамға бірнеше бап бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдың шілде айында түнгі клубтың жанында ерегісіп қалған жігіттер ертесіне тағы да кездеседі. Екі жақ та қарумен келген. Әңгіме барысында күдіктілердің бірі Ербол Хамитовты атып, қашып кеткен. Оқ оның тізесіне тиіп, дәрігерлер сол аяғын кесіп тастады. Бұл оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бүгін атышулы істің нүктесі қойылды. Сонымен судьяның соңғы сөзін тыңдайық. 

Дастан Ысмайылов, судья:

- Арлан Абдоллов 5 жылға, Алихан Оразов 6 жыл 1 айға, Мирас Оразаев 3 жыл 3 айға, Асылбек Мұқышев 3 жыл 3 айға сотталсын. Ал Тимур Сүлейменовке 3 жыл шартты түрде жаза тағайындалсын. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұған дейін жәбірленуші Ербол Хамитовтың жағынан да оқ атқан жігіт 3 жылға сотталған болатын. Айта кетейін, Ербол – болашағынан зор үміт күттірген спортшы. ММА жекпе-жегімен шұғылданады. Қазір ол бір аяғымен жаттығып жүр. Енді паралимпиадалық бағытта өнер көрсетеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы