382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баланың смартфонды қолдануы денсаулыққа өлшеусіз зиян келтіреді

  • 1137
  • UPD: 20:41, 20.04.2018

Телефон, гаджеттер балалардың ғұмырын қысқартуы мүмкін. Бұл ғалымдардың әбден зерттеп-зерделеген тұжырымы.

Телефоннан бөлінетін радиация сәулелері сәбилердің ойлау қабілетін тежеп, дамуын шектейді екен. Жиырма бірінші ғасырда адамды өзіне жіпсіз байлап, баураған гаджеттердің денсаулыққа тағы қандай зияны бар?

Байқаған боларсыз, үлкендер айтатын «ақырзаманның балалары ма» дерсіз. Ойнап-ойнап көзі қарауытып, психикасы бұзылған. Ақырғы хәл осы. Бесіктен белі шықпай, сиқырлы смартфонға жармасып жатқандар қазір таңсық емес. Себебі әр үйде жоқ дегенде 3 телефоннан бар. Оның біреуі міндетті түрде баланың қолынан түспейді.

Кезіндегі «әлди-әлдиді» қазір түрлі мульфильмдер алмастырған. Бала қолына планшетін алмаса көңілі көншімейді. Оған дәлел – мына Виенна. Тарыдайынан телефонға телмірген ол, бір кездері таңғы жетіге дейін кірпік қақпай, мультфильм көрген. Салдарынан тамақ ішпей, айналасына назар аударудан қалған.

Сюзанна Балбачан, Виеннаның анасы:

- Сосын біз тәжірибе жасауды ұйғардық. Баланы екі аптаға теледидар мен телефоннан мәжбүрлеп айырдық. Нәтижесінде сынақтың үшінші күнінде оң өзгерістерді байқай бастадық. Қызымның ызақорлығы тыйылып, ашушаңдығы басылды. Нәтижесінде айналасына назар аударып, бізбен сөйлесетін болды.

Бөбектеріміз мультфильмдер көріп мәз болса, жеткіншектер әлеуметтік желінің жетегінде жүр. Онысын жасырмайды.

БЛИЦ:

- Жалпы қандай әлеуметтік желілерді білесің?

- Ютуб, инстаграм, ВКонакте.

- Баубек, қандай әлеуметтік желілерді білесің? Және өзің қайсын падаланасың?

- Көбіне интернетті, көбіне кинолар көремін.

- Мен шынымды айтсам, ютубты көп пайдаланамын.

- Не көресің одан? Көбіне Адина, Мадинаның блогын көремін. Немесе көптеген қазақша сериалдар көремін. Ия, инстаграмм қолданамын.

Психологтардың айтуынша, телефоннан таралатын радиация сәулесінің әсерінен тілі шықпаған бала сөйлемей қалуы әбден мүмкін. Тек телефон ғана емес, сағаттап компьютер алдына байланатын балалардың да денсаулығы мәз болмайды. Оны медицина дәлелдеген. Себебі жүргізілген зерттеу нәтижесінде мынадай ойынға құмар 10 баланың тоғызы түбінде міндетті түрде көзілдірік киеді деседі.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Оңтүстік кореялық ғалымдар зерттеу жүргізіп, смартфондарды үздіксіз пайдалану балалар көзінің қыли болуына әсер ететінін анықтаған. Мамандар 7-16 жас аралығындағы жеткіншектерді іріктеп, оларға күн сайын 4-тен 8 сағатқа дейін смартфон пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға гаджетті 20-30 см қашықтықта ұстау міндетті болады. Тәжірибе көрсеткендей сынаққа қатысушылардың көбінің көзі қылилана бастаған. Балалар смартфонды екі ай пайдаланбаған кезде ғана көздері жазылыпты.

Ал өзімізге келсек, елімізде бүлдіршіндер арасындағы көз ауруы соңғы кезде 20 есеге артқан. Одан тыс, омыртқаның қисық бітуі, психиканың бұзылуы тағы бар. Құлақтың тыныштығы үшін балаларға телефонды ата-ананың өзі беріп жататыны жасырын емес. Бірақ олар сиқырлы смартфонның кішкентай бөбекке қаншалықты зиян екенін білмесе керекті.

Жанар Өкімова, психолог:

- Гаджеттер, телефондар, ересектерге қарағанда, балаларға зиянды әсері өте көп. Баланың жүйке жүйесі дами отырғандықтан, бас сүйегі жұқа болғандықтан, организмінде судың көп болуынан жаңағы гаджеттерден бөлінетін, сәуле, радиациясы өте зиян болып келеді ересектерге қарағанда. Балаларға күніне 10 минуттан артық телефонды пайдаланбаған дұрыс болып есептеледі.

Сондықтан үйде де, түзде де қажеті болмаса, баланы телефонға телміртпеген дұрыс екен. Мәселен, мектептегі үзіліс кезінде балаларға телефонмен ойнауға шектеу қоймақ керек. Оған қаладағы №67мектеп-гимназия дәлел. Білім ордасына арнайы барып, үзіліс уақытындағы оқушыларды сырттай бақыладық. Ешбірі телефонға телмірген жоқ. Неге дейсіз бе? Себебі мектепте бұл тұрғыда арнайы жоба қолға алынған. 

Гүлжанат Әбдіраманова6 №67 мектеп-гимназиясының директоры:

- Сол жобалардың бірі бізде әр бейсенбі сайын оқушылар үшін оқу күні болады. Бұл жерде әрбір оқушы 1-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейін үзілісте 15 минут бойы, мектептің әр бұрышында отырып кітап оқып, сондай жұмыстармен айналыса алады. Екіншіден оқушылар қоңырау уақытында шыққан кезде әсіресе шашка ойнайды, шахмат ойнайды. Және әсіресе 7,8,9-сыныптың оқушылары үзілісте «кубик Рубика» ойнайды. Сосын сол арқылы сайыстар ұйымдастырамыз.

Дәрігерлер жоғары сынып оқушыларына телефон, компьютерді күніне 40 минут қана пайдалануға кеңес береді. Ал 3 пен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге гаджеттерді қолдану үшін 15 минут жетіп жатыр. Ендеше естіген құлаққа алтын сырға. Бұл айтылғандарды ескермесеңіз, ауру атаулыны сатып алғандай боласыз. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әділғазы Төлеміс, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы