384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда көп пәтерлі үйлердің құрылысы қолға алынды

  • 484
  • UPD: 22:36, 21.04.2018

Жезқазған қаласында көп қабатты екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның бірі алдағы жылы банк салымшыларына ипотека арқылы беріледі. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында несиенің жылдық пайызы бірден 7 пайызға дейін кемитінін естіген жұрт енді қоныстой өткізетін қуанышты күнді тағатсыздана күтіп жүр.

Жезқазғандағы Түсіповтар жанұясы екі бөлмелі пәтерді жалдап отыр. Отағасы мемлекеттік қызметкер болса, жұбайы бала күтімінде. Сондықтан жеке баспана алуды жоспарлап жүрген олар үшін бес әлеуметтік бастама үлкен көмек болғалы тұр. Мәселен, алғашқы жарна 20 пайызға төмендейді, ал несиені қайтару мерзімі бірден 25 жылға ұзарады. Бұл жалақысы орташа жандар үшін жақсы мүмкіндік екен.

Ізтөлеу Түсіпов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Әсіресе мына жас отбасылар үй алғысы келеді, үйлерін үлкейткісі келеді деген сияқты ғой. Міне, нағыз осы бес әлеуметтік бастамада сол жағы жақсы қамтылған сияқты. Мысалы, кредит бұрын 16 пайыз болса, қазір бірден 7 пайызға түсіру деген бұл үлкен қуанышты жағдай. 

Қазір Жезқазған қаласы бойынша 2300-ге жуық адам үй кезегінде тұр. Ипотека шарттарының жеңілдеуі келешекте бұл көрсеткішті азайтуға сеп болары сөзсіз. Билік басындағылар осылай дейді. Биыл мысты шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 66 пәтерлік екі бірдей көп қабатты үйдің құрылысы басталды.

Нұржан Орынбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Оған қосымша биылғы жылы біз, былтырғы жылы жобалық сметалық құжаттарын бастап, қазір аяқтадық. Тиісті сараптамалардан қазір өткізілуде. Келесі жылы осы Батыс ауданында 90 пәтерлі және 60 пәтерлі екі үйдің құрылысын бастаймыз ба деген жоспарымыз бар. 

Әкімдіктің айтуынша, бұл соңғы 4 жылда салынып тұрған Жезқазғандағы алғашқы үй екен. Құрылыс жұмыстарына қазынадан 570 миллион теңге қаржы бөлінген. Баспананы жыл соңына дейін салып бітіріп, тұрғындарға тапсыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы