386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әли Аманбаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін қоғамдық көзқарасты өзгерту керек

  • 1036
  • UPD: 21:15, 22.04.2018

Қазақстан 2015 жылы Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы конвенцияны бекіткен.

Халықаралық құжатқа сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, олар үшін қолжетімді орта қалыптастыруда еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды істер қолға алынды.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін қоғамдық көзқарасты өзгерту керек, – дейді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев. – Олар ауру емес, тек қоршаған ортаға бейімделмеген», – дейді ол. Соңғы уақытта Алматыдағы оң өзгерістермен бөліскен қоғам белсендісі алда атқарылар шаруа да шаш етектен екендігін айтады.

Әли Аманбаев, Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:

- Карта жасайық дедік. Әуежайда не бар, қандай сауда орнына бару керек, өздері таңдап, кинотеатр, саябаққа баруды ыңғайлы ету. Мысалы, бір жері сырқаттанып қалса, қай емханалар қолжетімді, соны жасап жатырмыз. Біздің сайтта тұрады.

Алматы халықаралық әуежайында қол арбамен көтерілетін ыңғайлы пандустардан бөлек, зағип жандар үшін жол сілтейтін дауысты сызбалар бар. Ал сөйлей алмайтын жандар тіркеу бөлімінде сурдоаударма қызметін пайдалана алады. Қоғамдық ұйым өкілдерінің өтінішімен әуежайда қолжетімді бағада асхана да ашылыпты. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 7 арнайы жуынатын бөлме қарастырылған.

Сағдат Нуриманов, Алматы халықаралық әуежайы, медициналық қызметінің басшысы:

- Күніне 50-60 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетеміз. Жазғы уақытта бұдан да көп болады. Әуежайда амбулифт бар. Бұл ТМД елдері бойынша бізде ғана. Арнайы құрылғы барлық әуе кемесіне сай келеді.

Қалалық №17 емханада 776 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Зағиптарға арналған тактильді тақтайшалар мен брайлер әдісімен жазылған кабинет нөмірлері қолжетімді жерде орналасқан. Алдағы уақытта сөйлей алмайтын жандар дәрігермен сурдоаудармашы арқылы сөйлесе алады. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, тексеруден өткен 3000 әлеуметтік нысанның 1800-і қазір талапқа сай жабдықталған. Ал ескертуден нәтиже шығармағандар жазаланады.  

Мейіржан Отыншиев, Алматы қ. Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Нысандарды тексеріп, ұсыныстарды жазбаша түрде береміз. Егер жазбаша түрде ұсыныстарды жоймаған жағдайда, олардың материалдарын Еңбек департаментіне жолдаймыз, олардың әкімшілік айыппұл салуға құқығы бар. Ол 50 айлық есептік көрсеткіштен 400 айлық есептік көрсеткішке дейін қамтиды.

Қаладағы жаңадан салынған нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескерілген. Ал ескі ғимараттарды қайта жарақтау әлі де жалғасады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы