386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да арнайы қызметтік көліктердің қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген

  • 537
  • UPD: 21:51, 22.04.2018

Шығыс Қазақстанда соңғы үш айда арнайы қызметтік көліктердің қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Ал бұл техника құралдары үшін қауіпсіздік маңызды. Жаңа талапқа сай мұндай көлік құралдары дыбыс және белгі дабылын қосып жүруі тиіс. Мамандар мұндай шараның кептелісті азайтып, уақытты үнемдейтінін айтады.

Жедел жәрдем қызметі қашан да қауырт. Шақыру түскен жерге жылдам жетіп көмек көрсету бұл қызметтік көлік пен оның ішіндегі ақхалатты жандардың күнделікті тіршілігі. Десек те «сақтақта қорлық жоқ». Таяуда Семейде қолын зақымдаған баланы жарақат бөліміне алып келе жатқан жедел қызмет көлігі қарсы келген автокөлікпен қақтығысып қалды. Нәтижесінде жолаушылар зардап шеккен.

Динара Исатаева, Семей қалалық жедел жәрдем стансасы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Жедел жәрдем бөлімінің бір фельдшері ауруханаға жеткізілді. Жабық бас жарақаты мен бас миының шайқалуынан ауруханаға жеткізілді. Бүгінгі күнде жағдайы қанағаттанарлық. ІІД себебі әлі анықталып жатқанын айтты. Бұндай жағдай жиі болмайтынын айта кеткім келеді. Мысалы, 2017 жылы 2 оқиға тіркелген.

Бұл пікірді МАИ қызметкерлері де растап отыр. Облыста жыл басынан бері арнайы қызметтік көліктердің қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Тәртіпке бағынбаған жолаушылар ҚР Әкімшілік кодексінің 598-бабына сәйкес 7-12 АЕК аралығында айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Ернұр Құтанбаев, облыстық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- Арнайы жарық және дыбыс сигналы қосылған жедел және қызметтік көлік құралдары келе жатқан кезде жол берілмесе, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы баптың бірінші бөлімі бойынша құқық бұзушылыққа 7 АЕК бойынша айыппұл төленеді. 

Ал жедел жәрдем – маңызды қызметтердің бірі. Диспетчерлер де дамыл таппай жұмыс істейді. Өскеменде тәулігіне ең кемі 500 адамға жедел көмек көрсетіледі. Медициналық мекеме кәсіби мамандармен толыққан, ең бастысы, науқасқа деген жанашырлық бар. Жаңашылдықтар да қызмет сапасына оң әсерін тигізіп жатыр. 

Гүлнәр Текіманова, Өскемен қалалық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

- Уақытты қысқартудың бір тәсілі өзімізге назар аударту еді. Көліктің түсін сарыға бояймыз. 8 қаңтарда шыққан екінші бұйрыққа сәйкес дабыл қосулы тұрады. Қазір халық үйреніп қалды. Ал жедел жәрдем қызметкерлері мен науқастарға сәл ыңғайсыздау. Жолда қырағы болу қажет.

Осы салада 30 жылға жуық еңбек еткен Нұрлан Ахметқалиевтің айтуынша, қызметті тиімді етудің амалдары жасалып жатыр. Арнайы планшеттер жұмыс сапасын арттыруға сеп. 

Нұрлан Ахметқалиев, фельдшер:

- Уақыт үнемдеуде септігін тигізіп отыр. Өйткені диспетчерлерге жеңіл. Олар рациямен айтып отырады. 10 шақты көлік жүрді.

Жедел жәрдем көліктерінің сапасы да маңызды. Ал Өскемендегі стансаға былтыр уәде етілген 13 арнайы көліктің екеуі ғана беріліпті. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов, Анатолий Тернов

Хабар 24 телеарнасы