386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі жеделсатылардың 35 пайызы жарамсыз күйде

  • 391
  • UPD: 13:34, 26.04.2018

Өскемендегі көпқабатты үйлердегі жеделсатылардың 35 пайызы ілініп-салынып әрең тұр.

Жүргенінен тұрғаны көп кейбір лифтілердің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Бұл саланың қауіпсіздігін тікелей қадағалайтын бірде-бір құзырлы орган немесе мекеме жоқ. Осының кесірінен қалада бүгінде 93 лифт мүлдем істен шыққан. Сондықтан қала әкімдігі жеделсатыларды мемлекеттік коммуналдық меншікке алуды бастады.

Өскемен қаласындағы 203 көпқабатты үйде 589 жеделсаты бар. Қазір 574 лифт қалыпты жұмыс істеп тұрғанымен, 70-80 пайызының орнатылғанына 25 жылдан асқан. Көбісінің жүруінен тұруы көп. Ескі болса да, тұрғындар әупірімдеп пайдалануға мәжбүр.

Ерболат Жәнекенов, қала тұрғыны:

– Біз тұрғынбыз ғой. Лифт істейді, істемейді. Бір күн тұрып қалады. Бір күні ортасында қаламыз. Бір күн істесе, екі күн тұрады. Әйтеуір лекерлеп жүрміз ғой.

2007 жылдан бері қала бойынша 140 жеделсаты мемлекеттің коммуналдық меншігіне алынып, 105 лифт жөнделген. Осы салада қызмет көрсететін мамандардың айтуынша, әрбір жеделсаты жыл сайын техникалық тексеруден өткізіліп тұруы тиіс. Дегенмен бұл жұмыстарды істеуге жеке пәтер иелерінің көбі қауқарсыз.

Нұрбақыт Тұрсынбекова, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Мемлекеттің меншігіне алған себебіміз – бір лифтінің бағасы былтыр 7,5 миллион тұрған. Ол көбінесе адамдардың қалтасына ауыр тиеді. Сондықтан Үкімет арқылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол адамдар өздері шешім қабылдайды. Егер бергісі келмесе, өздері жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуге болады.

Бір лифтіні өңдеп-жөндеп ұстап тұруға бір айда үш жарым мың теңге жұмасалады. Ал мемлекет меншігіне өткен соң қызмет көрсететін коммуналдық мекемемен әрбір пәтер иесімен жеке-келісімшарт жасалады. Қазір келісімшарт арқылы қызмет құны әрбір адамға 400-450 теңгеден болса, карточкалық жүйеде лифтіні бір рет пайдалану – 7 теңге.

Қазір мамандарды да, жай адамдарды да жеделсатының техникалық жағдайы алаңдатып отыр. Қауіпсіздігін ешбір құзырлы орган қадағаламайды. Пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсететін  компаниялардың жұмысын бақыламағандықтан, лифтердің тоқтап немесе есігі ашылмай қалатын жағдайлар жиі болады.

Владимир Степин, жеделсаты қызметін көрсету кәсіпорнының директоры:

– Қаладағы лифтілердің көбі иесіз деуге болады. Оған кім көрінген қызмет көрсетеді. Қазір пәтер иелері кооперативтері жеке бір адаммен келісім жасайды. Ол адамның лифт шаруашлығынан хабары бар ма, жоқ па, оған бас қатырмайды. Одан соң әлгі маман лифтінің техникалық жағдайы туралы өзі қорытынды береді. Бұл заңға қайшы. Сондықтан бұл салаға жүйелі өзгеріс керек.

Қазір Өскеменде лифт шаруашылығымен 4 компания шұғылданады. Олар тек ұсақ-түйек жөндеу және апатты жағдайда құтқарумен ғана шұғылданады. Ал шаһардағы тозығы жеткен жеделсатыларды жедел ауыстыру мәселесі толық шешімін таппай тұр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Роман Родионов

Хабар 24 телеарнасы