384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуі нәтижелі болды

  • 362
  • UPD: 23:00, 26.04.2018

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығы кезінде алға қойған барлық мақсат-міндеттерді толығымен жүзеге асырды.

Отандық және шетелдік сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Беделді мамандар Астанада бас қосып, осы тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Орталық Азия өңірінің мәселелері бұрын-соңды Қауіпсіздік кеңесі сынды үлкен алаңда талқыланған жоқ. Қазақстан бастамаларының арқасында бүкіл әлем елдері аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалықтың нәтижесінде отандық дипломаттар кәсіби біліктілігін шыңдап, халықаралық аренада келіссөз жүргізудің жаңа белестерін бағындырды.

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Қазақстанның тәжірибесі басқа мемлекеттер үшін зерттеуге бір табысты ұтымды тәжірибе деген пікірлер айтылып жатыр. Біз 1 айлық төрағалықта қандай мәселелерді қарастырдық.

Қазақстан Сириядағы ахуалды реттеуге де зор үлесін қосты. Ел делегаттары бұл мемлекеттің егемендігін сақтап, оларға гуманитарлық жәрдем беру туралы қарарларды іске асыруға қолғабыс ететінін жеткізді.

Икбаль Дюрре, Мәскеу лингвистикалық университетінің доценті:

- Сирия мәселесін шешуде Қазақстанның ролі зор. Астана процесін ұйымдастыру туралы бастама осы еңбектің нәтижесі. Барлық тарапты бір үстел басына отырғызу тек Президент Назарбаевтың қолынан ғана келді. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығы өз мәресіне жеткенімен Таяу Шығыс елдерінің халқы қазақ елі үкіметі өз жұмысын тоқтатпасына сенімді.

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінде Ауғанстанда бейбітшілік орнату мәселесіне басымдық берді. Нәтижесінде Ұйым мүшелері Кабулға аттанып, Ауғанстан президентімен кездесті. Басқосуда қауіпсіздік орнату саласындағы өзара байланыстың түйіткілдері сөз болды.

Уәлихан Бахретдинов, «Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің директоры:

- Біз төрағалық еткенде, 10 жылда Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ауғанстанға бірінші рет іссапарға барды. Бүкіл 15 мүшесі. Бұл тарихта болмаған жайт. Біздің төрағалық қауіпсіздік тұрғысынан жемісті өтті деп айтуға болады.

Дариға Ташенова, тілші:

- Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығы аяқталғанымен, миссиясы мәресіне жеткен жоқ. Ағымдағы жылдың соңына дейін біздің дипломаттар басқа 14 мүше елмен бірігіп, өз ұсыныстарын білдіру мен дауыс беру құқығына ие болып қала береді. Яғни Қазақстан бейбітшілік орнату, терроризммен күрес және қарусыздандыру қағидаттарына негізделген стратегиясын әрі қарай жүзеге асыра бермек.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы