386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


WorldSkills Kazakhstan-2018: Шымкентте республикалық чемпионаттың жолдамасы сарапқа салынуда

  • 710
  • UPD: 07:55, 27.04.2018
WorldSkills Kazakhstan-2018: Шымкентте республикалық чемпионаттың жолдамасы сарапқа салынуда

Оңтүстік Қазақстан облысында WorldSkills Kazakhstan-2018 өңіраралық чемпионаты басталды.

Кәсіптік әрі техникалық білім беретін мекемелер арасындағы жарыста Қызылорда мен Жамбыл облыстарының тәлімгерлері де бақ сынауда. Сайыскерлер 4 күн бойына 30 мамандық бойынша сынға түсетін болады. Үздік атанғандар ұлттық чемпионатқа жолдама алады.

Кəсіби əрі техникалық білім беретін колледж шəкірттері жыл бойы жасаған жұмыстарын бүгінге көрмеге ұсынды. Мұнда егіс алқабына қажетті техникалар, күннен қуат алатын велосипед, кішкене құрастырмалы трактор да бар. Ал көпшіліктің көңілінен шыққан əскери көлікке ұқсас автомобильді №19 кəсіптік колледж студенттері ойлап тапқан. Қазір біз мұның аяқ алысын байқап көреміз.

«Бұл бір кездері «Москвич» маркалы көлік болатын», – дейді Айдар Бейімбетов. Кәсіптік колледждің өндірістік оқыту шебері мұны студенттерімен бірге әскери көлік етіп қайта құрастырып шыққан. «Екі ай уақытымызды жұмсадық», – дейді ұстаз. Қазір бұл көлікпен тәлімгерлер машина жүргізуді үйренеді. Бұзыла қалса, өздері жөндейді. Ал техниканы қайта жаңғыртуға 200 мың теңгедей қаражат жұмсапты.

Айдар Бейімбетов, №19 кәсіптік колледжінің өндірістік оқыту шебері:

- Үлкен көлікті ортасынан, алдынан қысқартып, кесіп жасадық. Қозғалтқышы, беріліс қорабы – барлығы «Москвичтікі».

Жұмысшы мәртебесін арттыру мен еңбек қоғамын құруды көздейтін шараға үш облыстан 123 студент қатысып жатыр. Олар 30 мамандық бойынша шеберліктерін шыңдайды. Кіл мықтының ішінен шын мықтысы маусым айында Астанада өтетін ұлттық чемпионатқа жолдама алады. Ал өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған студенттер 1 алтын медальді жеңіп алса, 5 үміткер екінші орыннан көрінген.

Рахия Асанова, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білімді дамыту бөлімінің басшысы:

- Осы сайыста жүлделі орын алған иегерлер республикада өтетін ұлттық чемпионатқа қатысып, содан әрі Еуропаның Будапешт қаласында өтетін чемпионатта ұлттық құрама сапында Қазақстан атынан сайысқа түседі.

WorldSkills – әлемнің 82 мемлекетіне мәлім халықаралық қозғалыс. Ал еліміз бұл қауымдастыққа 2014 жылы 70-болып тіркелген. «Сол төрт жылдан бері жеткен жетістікте ауыз толтырып айтарлықтай», – дейді шараны ұйымдастырушылар. Ал өңіраралық чемпионаттың қорытындысы аптада белгілі болмақ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы