387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтарға тұрғын үйлер беріледі

  • 506
  • UPD: 09:55, 27.04.2018

Ақмола облысының Атбасар қаласында былтырғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап салынып жатқан 11 үй бірер күннен кейін беріледі.

Қазір бірнеше көпқабатты үйлердегі құрылыс 80-90 пайызға аяқталған. Ал қалған 5 үй күзге қарай тапсырылады. Бұл баспаналардың тезірек бітуін атбасарлық 459 отбасы асыға күтіп жүр.

Кезінде Ибаррури көшесінде тұрған Ольга Возняя қазір отбасымен пәтер жалдап жүр. Ол – алты баланың анасы, күміс алқа иегері. Былтырғы су тасқынынан үйлері қирап қалған. Енді амал жоқ, жаңа үйлер берілетін күнді күтуге мәжбүр. Ал жергілікті әкімдік үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға пәтерақасын наурыз айына дейін ғана төлеп келіпті. Пәтерді жалға берушілер де жалдау құнын 4 есеге дейін өсіріп жіберген.

Ольга Возняя, көпбалалы ана:

- Менің күйеуімнің еңбек табысы 67 мың теңге ғана. Оның 45 мыңын осы пәтердің ақысына береміз. Өзім балалармен үйде отырмын. Қиын, әрине. Бізге жаңа баспана екінші кезекте, яғни күзде беріледі. Бірақ бір емес, екі пәтер алатын болдық.

Атбасар қаласының іргесінен салынып жатқан бұл шағынаудан Болашақ деп аталады. Мұнда қазір 6 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылысқа 200-ден астам адам тартылған.

Ерсін Сындыбаев, мердігер мекеме өкілі:

- Жұмыстарымыз жүріп жатыр. Сантехникалық жұмыстар 95 пайызға бітті. Қосып, тексеріп, өткізу жұмыстары ғана қалды. Сонымен, 13-14-блоктарда әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. 10 мамырға дейін бітіреміз деп ойлап отырмыз.

Галина Мороз, Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- Қазір тұрғындарды қоныстандыруға дайындалып жатырмыз. Алдағы 3-4 күннің ішінде 2 үй пайдалануға беріледі. Ал қалған төртеуінің құрылысы мамыр айының ортасында толық аяқталып, тұрғындарға үлестіріледі. Осылайша бірінші лекте 270 отбасы баспаналы болады.

Болашақ мөлтекауданындағы құрылыс жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта бұл жерден тағы бірнеше үй бой көтереді деген жоспар бар. Себебі Жабай өзенінің жағасындағы қауіпті аумақта тағы да 500-ге жуық отбасы қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы