389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс кезінде жер аударылған шешендердің отбасы қазақ жерінде тұрақтап қалды

  • 783
  • UPD: 09:00, 01.05.2018

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес одағындағы халықтың көпшілігі Қазақстан және Орталық Азия елдеріне көшірілді.

Үй-күйсіз келген әртүрлі ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісті. Сол ұлттың бірі шешендер. Ал Одақ ыдырап, аз халықтар өз тәуелсіздігін алған тұста қазақ елінде мәңгі тұрақтап қалғандар жетерлік. Олар бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінің дамуына бір адамдай атсалысып жүр. Солардың бірі шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, атыраулық Зелимхан Зубариев.

Зелимхан Зубариевтің әке-шешесі 1944 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Алтынемел ауылына жер аударылған. Осы Күреңбелдегі жергілікті қазақтар арып-ашып келген шешен, украин, неміс ұлтының өкілдерін бауырына басты. Бүгінде бір қауым ел болып отырған сол ағайын тарихи отанына көшпей, Қазақ елінің түкпір-түкпірін тұрақты мекен етіп қалды.

Зелимхан Зубариев, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ төрағасы: 

- Біздерге, біздің семьяға бүкіл Қазақстанның жері қымбат. Неге десеңіз, менің балаларым осында туды, немерелер осында туды. Біз осыменен бесінші ұрпақ болып кеттік.

Зелимхан ақсақал өткен ғасырдың 70-жылдары жұмыс бабымен Атырау облысына қоныс аударған. Қазір немере-шөберелерімен осы мұнайлы өлкені түпкілікті мекен етіп, бақуатты өмір сүріп жатыр. Өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігінен тыс қалған емес.

Әлихан Зубариев, немересі: 

- Менің атам бүкіл облысқа танымал кісі. Исатай ауданының құрметті азаматы. Сол кісіге ұқсағым келеді. Біз сол кісімен мақтанамыз. Мен атамды жақсы көремін.

Зелимхан ақсақал қазақ халқына өмір бойы қарыздармын дейді. Өйткені кезінде өкпесіне суық тиіп қатты ауырған шешесін қазақтар бие сүтімен емдеп, өлім аузынан алып қалған.

Зелимхан Зубариев, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ төрағасы:

- Ойбай, мен шын жүректен айтамын, мен осы қазақ халқына айтамын алғысты. Неге десеңіз, менің шешем сол қазақ халқының көмегімен тірі қалды. Содан 13 бала туды, соның бірі менмін.

Ассамблея мүшесі Зелимхан Зубариев қоғамдық өмірде де белсенді. Қазір Атыраудағы 19 этномәдени бірлестіктің бірі «Вайнах» шешен-ингуш орталығына жетекшілік жасайды. Бүкіл облысқа танымал Зубариевтер жанұясы Қазақ еліндегі татулық пен бірліктің нығайуына үлес қосып отырған үлгілі отбасылардың бірі. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы