385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да кәсіпкер әйел ауылдағы мектептерді жабдықтауға 600 мың теңге аударды

  • 418
  • UPD: 15:38, 02.05.2018

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында асыл тұқымды мал саны артып келеді. Оның ішінде Сәулеш Әбілғожинаның шаруашылығы да бар.

Ол қайраткерлігімен жерлестеріне ғана емес, өңірге жақсы танымал болған іскер жан. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп ғана қоймай, қайырымдылығымен де жұрт алғысына бөленген. Жақында «Туған жер» бағдарламасы арқылы қос бірдей мектепті жабдықтауға 600 мың теңге аударды.  

Қазір шаруашылықта науқан. Мал төлдету аяқталуға жақын қалды. Асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырына күтім ерекше болу керек. Республикалық палата өкілдері де мұнда жиі бас сұғып тұрады. Қолдан ұрықтандыру, малды есепке алудың тиімді жолдары туралы мамандар кеңесі жерде қалған емес.

Сәулеш Әбілғожина, шаруашылық жетекшісі: 

- Малды осылай жіберіп қойып, кешке жақын жинап ала саласың, бірталай еңбектерін жеңілдетеді. Қыстан қысылып шыққан кезде осындай шөбі шүйгін жерде мал өздеріңіз көргендей, рахаттанып жайылып жүр. Малды түгендеу, жаңа төлге бәріне есеп жүргізіледі. Сол жағынан алғанда чип өте тиімді, сырғасы түсіп қалса да оңай тауып аласың, заман талабына сай осыған көшейік деп жатырмыз.

Бүгінде шаруашылықта 500-ден астам асыл тұқымды ірі қара бар. 30 шақты адам еңбек етеді. Кәсіптің негізін осыдан 6 жыл бұрын марқұм жолдасы Сейітбек қалаған. Бел шешіп, қиындықты бірге жеңе білді. Ал тағдырдың жазуымен отағасы өмірден озғанда барлық жауапкершілік Сәулештің мойнына түсті.

Мүбарак Балғабаев, ауыл тұрғыны: 

- Сейітбек бауырымыздың істей алмай кеткен, жасай алмай кеткен істерін шаруаларын ары қарай қолға алып, істеп жатыр деуге толық болады. Бұрыннан қазір де ең сыйлы азаматтардың бірі болып отыр. Кімге болсын, тек көмек қолын созып келе жатқан адамдар. 

Расында бұл шаруашылықтың қайырымды істерін санап тауыса алмайсың. Ауылдағы көрікті мешіт, бірнеше мұқтаж азаматқа сатып әперілген баспаналар, мерекелік жиындарға демеушілік бәрі де ізгі жүректен шыққан амалдар. Сәулеш ауылға жас мамандар тартқысы келеді, ол үшін барлық жағдайлар қарастырып жатыр.

Сәулеш Әбілғожина, шаруашылық жетекшісі:

- Әйелдің мойнындағы барлық міндетті бірінші кезекте атқарам. Одан кейін барып шаруашылыққа көңіл бөлем. Балаларымды өзімнің назарымнан тыс қалдырмаймын ешқашан. Ең бірінші имандылық, адамгершілік, адами қасиет, сондай жақсы тәрбие бергім келеді. 

Бүгінде 7 баланың алды студент атанса, кішілері мектепте оқиды. Олар да оқуда үздік, спортта да жетістіктері аз емес. Батыр ана болашақта балалары да ізгілік жолынан айнымаса екен дейді. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы