386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе маңындағы археологиялық ескерткіштер жойылып барады

  • 724
  • UPD: 15:50, 02.05.2018

Тарихшылардың пайымдауынша дәл осы жерде осыдан үш мың жыл бұрын елді мекен пайда болған.

Оған дәлел мына қайрақ тастардан қаланып салынған қорғанның қабырғалары. Өткен жылы жүргізілген қазба жұмыстарының барысында бұл жерден ежелгі темір және қола дәуірлерінен қалған жәдігерлер табылды. Ал бүгінде бұл жерлерді жергілікті билік Бекқұл баба ауылының болашақ тұрғындарына үлестіріп берген. 

Облыс орталығынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан аумақта құрылыс қарқынды жүруде. Бөлінген жер телімдеріне инженерлік жүйелері тартылып, жақын арада үлкен ауылға айналуы тиіс. Мұны ескерген тарихшылар өткен жылдың тамыз айында жедел қазба жұмыстарына кіріскен. Бірақ өңірдегі жер игеру қарқынына үлгерер емеспіз дейді.

Арман Бисембаев, археолог:

- Ақтөбенің айналасында жеке тұрғын үйге берілген аумақтарда бірнеше қорған бар. Биыл қазба жұмыстарын жүргізуді ойлап отырмыз. Егер үлгермесек біржола айырылып қалдық деген сөз. Ол жерлерге баспана тұрғызатын азаматтардың ешқандай кінәсі жоқ. Заң бойынша бөлінген жер телімдері. Бұл жерде шенеуніктердің қателігі деп ойлаймын. 

Ақтөбенің маңында шамамен 150-ден астам қорған анықталған. Бірақ әзірге тиісті деңгейде қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттеле қоймаған. Мамандар бұл орындарды тіпті мемлекеттің қорғауына алып, тарихи құнды жәдігер ретінде қайта қалпына келтіру қажет дейді. Сонда ғана өткеннің естеліктерін болашақ ұрпаққа қаз қалпында ұсынуға мүмкіндік болады.

Арнабай Нұржанов Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Жер туралы заң дұрыс пайдаланылмайды. Жер комитетіндегілер мынау археологиялық ескерткіштерге көңіл аудармайды. Сондықтан міне осылардың бәрі жойылып бара жатыр. Бұл жалпы біздің мәдени мұрамыз, бұл халықтың мұрасы. Бұл келешекке жетуі керек. 

Археологиялық ескерткіштерге қол сұғып немесе оның қирауына сеп болған азаматқа қатысты кеңестік кезеңде қылмыстық іс қозғалып, түрмеге қамалған. Бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеумен шектеледі. Бүгін Ақтөбеде бас қосқан ғалымдар бұл мәселені қайта қарауды ұсынды. Айта кету керек өңірде осы күндері «Марғұлан оқулары. Рухани жаңғыру және археологиялық мұра» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Кездесу барысында «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану» заң жобасы талқыланады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы