384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде биылғы кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды

  • 702
  • UPD: 10:20, 03.05.2018

Павлодар өзен портының мамандары Солтүстік өңірге тән алты ай бойғы қыстан соң кемелерін сайлап, сапарға шыға бастады.

Анатолий Берестов 43-ші кеме жүзу маусымын қарсы алды. Кәсіби капитан-механик сең жүріп өткен соң көршілес Омбы өңіріне құрылыс материалдарын тасымалдайды. Қазір 6 мың тонналық баржаға құм тиеп, сапарға шығуға дайын.

Анатолий Берестов, БТМ-636 теплоходының капитан-механигі:

– Кеме жүзу маусымын асыға күттім. Зейнеркерлікке шықсам да, өмірімді қарт Ертіссіз елестете алмаймын. Екі ұлым да менің жанымда. Балаларым бүгін жолға шықты.

Ертіс өзенінің тамырына қан жүгірді. Бүгін биылғы кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды. Қазіргі уақытта қиыршық тас, құрылыс материалдары, сонымен қатар техникалық тұз тиелген алып баржалар Ресей еліне жол тартты. Ал көрші мемлекеттен Қазақстанға өзен бойымен көбінесе ағаш тасымалданады.

Былтырғы науқан табысты аяқталды. Өзенде көрші елде жоғары сұранысқа ие құрылыс құмының 900 тоннасы қазылды. Сонымен қатар Ресейге 160 мың тоннадан астам минералды ресурс тасымалданды. Биылғы меже – көрсеткішті бірнеше есеге арттыру. Мәселен, бұл екі мың тонналық баржаны тиеген су көлігі төменгі ағыспен Омбыға жол тартты.

Алексей Гладков, Павлодар өзен портының бас инженері:

– Теплоходтарымыз сақадай-сай. Техникалық паркімізді жыл сайын жаңғыртып, жаңартудамыз. Иелігіміздегі баржалар, су көліктері мен жүзгіш крандарымыз жөнделді. Қуантарлығы, флотымызды өзімізде, жергілікті кеме жөндеу зауытында жаңартамыз.

Былтыр Ханты-Мансийск өңіріне 10 жыл бойы тұралап қалған су қатынасы жанданып, техникалық тұз тасымалданды. Биылғы маусымның жаңалығы – Түмен облысына өзен жолының ашылуы. Бұл аймақтың қиыршық тасқа деген жылдық сұранысы – 20 млн тонна. Яғни экономикалық жағынан тартымды. Оған қоса өзен арқылы жүк тасымалдау өзге жолдарға қарағанда 50%-ға арзан.

Төлеген Күлжанов, Павлодар өзен порты төрағасының орынбасары:

– Түмен облысына биыл 160 мың текше қиыршық тасты тасымалдау ойымызда бар. Ол жақтан сосын қайтап келе жатқан кезде біз 40 мың текше ағашты әкелеміз. Бұл 15 жылда болмаған дүние.

Павлодар – өзге елдермен оңтайлы су жолдарын сақтап қалған бірден-бір аймақ. Қарт Ертістің әлеуеті зор. Бұл әлеуетті барынша қолдануға кедергілер бар. Жауыр болған мәселе – өзеннің тасымал көліктері үшін тереңдікті қамтамасыз ету. Біздің тарап Ертістің табанын тазартып, қажетті тереңдікті қамтып отыр. Басқа тараптан қолдау аз. «Бұл істі Қытай, Қазақстан және Ресей бірлесіп шешкен абзал», – дейді мамандар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы