389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі алғашқы отандық күн электр станциясы Маңғыстау облысында іске қосылды

  • 891
  • UPD: 12:34, 03.05.2018

Маңғыстау облысында еліміздегі ең алғашқы отандық күн электр станциясы іске қосылды.

Инвестициялық жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Бұл – еліміздегі баламалы қуат көзін өндіретін ең алғашқы отандық электр станциясы. Себебі құрылысқа тұңғыш рет Қазақстанда жасалған күн панельдері қолданылды. 40 қатарға 8 мыңнан астам құрылғы орнатылды.

Жазы аптап ыстық, ал қысы жылы аймақта күннің радиациясы жоғары. Бұл жыл бойы күннен қуат алып, электр энергиясын үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Қуаты 2 МВт болатын станция жақын маңдағы бірнеше ауыл халқын жарықпен қамтамасыз етпек.

Құлжан Егізқараев, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

– Бүгін біздің ауданымызда өте бір қуанышты күн болып отыр. Облысымызда алғаш рет күн энергиясынан қуат алатын, еліміздің игілігіне ұсынылып жатыр. Ал енді ел қуанып, халық қуанып жатыр. Бір атап өтерлігі, осы құрылғылардың бәрінің отандық өнімдер екеніне қуанып отырмыз. Халқымыз аман, еліміз тыныш болғай, осылай өркендей берейік!

Құрылысқа 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалды. Инвесторлар Маңғыстауда қуаты бұдан екі есе жоғары тағы бір күн электр станциясын салып бермек. Алдағы уақытта 10 гектардай аумаққа мыңдаған күн панелін орнатпақ.

Ринат Гаппаров, жобаны жүзеге асырушы компанияның өкілі:

– Егер «жасыл энергиямен» жарақтанған отандық құрылғылар жемісті болып, жоба сәтті шықса, Маңғыстаудан өзге облыстарда да жүзеге асырамыз. Елімізде мұндай станцияларды көптеп салсақ, мұнай, газ бен көмірге деген тәуелділіктен арыламыз, қуат өндірісіне кететін шығынды азайтамыз. Экологиялық қауіп-қатердің алдын алу үшін де баламалы энергияны дамытудың маңызы зор.

Облыс басшылары арзан әрі адамзатқа зиянсыз және түгесілмейтін баламалы қуат көздерін дамытуға ниетті. Биыл аймақта тағы да қос бірдей күн мен желден қуат алатын өндіріс ошағы іске қосылады. Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында бой көтерген жел электр станциясы аяқталуға жақын. Ал Шетпедегі қуаты 12 мегаваттық ірі күн электр станциясының құрылысы алдағы айда басталады. Қазір мұнда еңбек ететін жұмысшылар білімін жетілдіріп, арнайы дайындықтан өтуде.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы