389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамадан артық жүк тиеген көліктер тасжолдың тас-талқанын шығаруда

  • 799
  • UPD: 08:05, 04.05.2018

Шамадан артық жүк тиеп, әрілі-берілі ағылған көліктер тасжолдың тас-талқанын шығаратын түрі бар.

Құжатсыз құмтасты тасымалдайтын ауыр транспорт қызылордалық көлік инспекторларының бас ауруына айналды. Оқтай түзу халықаралық автодәліздің беткі қабатын жылжытып жібергенімен қоймай, жүргізушілер көз қысты, бармақ басты әрекеттерге еті үйреніп алған көрінеді. Осы орайда көлік инспекторлары келеңсіздіктерге тосқауыл болар бірқатар кешенді шараларды қолға алды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан тәулігіне қиыршықтас, доломит және құм тиеген 130-дан астам көлік қатынайды. Өткен жылы олар 10-15 тонна жүкті артығымен тасымалдайтын. Нәтижесінде халықаралық жол сыр бере бастады. Осы ретте мамандар теміржол және тіркемелер арқылы жүк тасуға басымдық беруді ұсынды.

Ержан Жолдасов, облыс бойынша көлік инспекциясының басшысы:

– Теміржол көлігінің тасымалы 2014-2015 жылдармен салыстырғанда 3 есе артып отыр. Ол деген теміржол көлігі жолға ауырлық бермейді. Екінші балама түрі – тіркемесі бар «КамАЗ» автокөліктері санын көбейту. Бұрындары 40 тонналық автокөліктермен тасымалдау 4 жүк көлігі апаратын болса, ал «КамАЗ» көлігімен тасымалдау бірінші кезекте жолдың сақталуына алып келеді.

Ағымдағы жылы көлік инспекциясының қызметкерлері жүк тасымалдау заңдылығының бұзылуы бойынша 1704 дерек анықтаған. Оның 800-і жүргізушілердің тауарлық-транспорттық құжаттары болмауына қатысты. Рұқсат қағаздарын айналымға қосу үшін ескі жүйе өзгертіліп, автокөліктің салмағын өлшеудің электронды механизмі енгізілу үстінде.

«Шиелі тас» кәсіпорны – көлік бөліктерінің таза салмағын көрсететін электронды таразыны алғаш қондырған мекемелердің бірі. Карьер басында тәулігіне мың тоннаға дейін қиыршықтас өндіріліп, өңірдегі құрылысы жүріп жатқан 15 нысанға жіберіледі. Кәсіпорын басшылығы қазір рұқсатнамалық құжатсыз жүк жөнелтпейді.

Ермек Қалыбаев, жүк көлігінің жүргізушісі:

– Бұрында артық жүк тиеп, құжат бермей, 5 теңге табамыз деп, бала-шағамызды асыраймыз деп жүріп, 200 мың теңге төлейтін тұғынбыз. Қазір жақсы болды, құжатын алып, техника да шаршамайды, өзіміз де шаршамаймыз. Жолдың ойнауы да жақсы болды, салмақ аз. Тиесілі жүкті тиеп жүрміз. Халық та, бәріміз үйрендік осыған.

Бағлан Баймағамбетов, жүк көлігінің жүргізушісі:

– Ол кезде құжат бер деп сұрағанда «жоқ, біз бермейміз» дейтін. Қазір тұрып аламыз, мөрі бар ма деп, жай қағаз беріп тұрған жоқ па деп. Машина нөмірімен заңды мөрін қарап, тоннасын көріп, артық жүктен пайда да әкелмейсің үйге. Шығынның бәрі дөңгелекке кетіп қалады.

Көлік инспекторлары мониторингтік топтармен бірігіп жүргізілген рейдтер нәтижесінде жол үстінде тәртіп орнады. Енді табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтіледі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы