389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да тағы бір тауарлы-сүт фермасы ашылды

  • 546
  • UPD: 11:17, 05.05.2018
СҚО-да тағы бір тауарлы-сүт фермасы ашылды

Бұл – өңірде «Ырыс» бағдарламасы бойынша құрылған 20-ферма.

Аймақта мемлекеттен жеңілдетілген шағын несие алып, мал шаруашылығын өрістетіп отырған азаматтардың саны артты.

«Мал баққанға бітеді». Бұл ­– солтүстікқазақстандық Александр Гейманның қағидасы. Бастапқыда егіншілікпен айналысқан азамат 2016 жылы «Ырыс» бағдарламасы бойынша мемлекеттен жеңілдетілген несие рәсімдеп, асылтұқымды ірі қара сатып алды. Жоба құны – 43,5 миллион теңге. Енді шаруа ауылда тауарлы-сүт фермасын құрды.

Александр Гейман, кәсіпкер:

- Несиені екі жылдан кейін қайтара бастаймыз. Үлкен қолдау ғой. Себебі мұндай істі өзіміздің күшімізбен бастай алмас едік. Қазір малмен қатар сүттің әр литріне субсидия аламыз. Оның үстіне Елбасы биылдан бастап шағын несиелер санын ұлғайтуды тапсырды. Сондықтан бұл мүмкіндікті мейлінше пайдаланып қалмақ ниеттеміз.

Бүгінде шаруашылықта 700-ден астам ірі қара бар. Оның 73-і сауынды сиыр. Олардан күніне 800 литрге жуық сүт алынады. Ақтың жартысы жаңа туған төлдерге берілсе, қалғанын қайта өңдеу зауытына тапсырады. Айта кету қажет, ферма ашылысымен 30-ға тарта ауыл азаматы жұмыспен қамтылды.

Анна Непопущ, ферма меңгерушісі:

- Сиырларды тәулігіне үш мәрте сауамыз. Ақ мына қоймада сақталады. Ал өнімімізді екі күнде бір рет қаладан көлік келіп, өздері алып кетеді. Ай сайын 70-75 мың теңге айлық алып тұрамыз. 

Өңірде сүтті бағыттағы сиырлардың саны артуына «Ырыс» бағдарламасы септігін тигізді. Нәтижесінде бүгінде облыс өз-өзін сүт және сүт өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, өткен жылы 700-ден астам азамат мемлекет қолдауын сезінді. Ал биыл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 1,7 миллард теңге қарастырылып отыр.  

Мемлекеттен жеңілдетілген несие алған азаматтардың басым бөлігі бүгінгі күні ауылды жерлерде мал шаруашылығын жандандырып отыр. Мәселен, өңірде 2014 жылдан бастап 740 миллион теңгенің 20 тауарлы-сүт фермасы қаржыландырылған екен. Бүгінде олардың барлығы сәтті жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы