387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанадағы «Ұлттық өнім» көрмесіне 5 мыңнан астам тауар қойылған

  • 1095
  • UPD: 15:21, 05.05.2018
Астанадағы «Ұлттық өнім» көрмесіне 5 мыңнан астам тауар қойылған

Қазақстанда жасалған азық-түлік, құрылыс материалдары, жиһаз, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнімдері «Ұлттық өнім» көрмесіне қойылды.

Шараға 350 кәсіпорын қатысып жатыр. Биыл 4-мәрте ұйымдастырылып жатқан көрме шағын және кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілердің өнімін таныстыруға мүмкіндік жасайды. 

«Ұлттық өнім» көрмесі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді көздейді. Жыл санап оған қатысушылар саны да, тауар түрі де артып келеді. Биыл келушілер 5 мыңнан астам тауар қойылған 350-ден аса кәсіпорынның өнімін бір жерден таба алады. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шара көпке танылумен қатар бәсекеге қабілеттілікті арттыра түспек. Бұл сапалы өнім шығаруға негіз болады. Бизнес иелерінің көпшілігі көрменің тұрақты қатысушылары. Ал бұл қатарға жаңадан қосылып жатқан кәсіпкерлер жиынның маңызы мен тиімді тұстары жетерлік екенін айтып отыр.

Бақытжан Серік, компания өкілі:

- Біз жылу панельдерін өндіреміз. Біздің өндіріс Алматы облысында орналасқан. Өндірісті Еуропа мен жапон технологияларымен жасаймыз. Біз бұл көрмеге алғаш рет қатысып жатырмыз. Бұл құрылыс материалдары фасадта қолданылады. Бізде декор элементтері мен жылу панельдері фасадта қолданылады.

Қазақстанда жасалған өнімді өз елімізбен қатар халықаралық нарыққа шығару, ұлттық брендті қалыптастыру – Мемлекет басшысының басты талабы. Бұл мақсатта елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. «Ұлттық өнім» көрмесі де соның бір көрінісі. 

Абай Сарқұлов, шараны ұйымдастырушы:

- Осы жылы бүкіл Қазақстаннан кәсіпкерлер келуде. Осыны Астанада өткізіп жатырмыз. Себебі логистикалық жағынан өңірлерге өте тиімді болып тұр. Кәсіпкерлерден ұсыныстар бар басқа қалаларда өткізейік деген. Отандық экономиканы дамытатын басты шара деп ойлаймыз.

Шара барысында кәсіпкерлер технологияны жетілдіру, шикізат алмасу, мамандарды оқыту сияқты мәселелер бойынша келісімшарт жасауды жоспарлаған. Оларға арнап шеберлік сабақтары да өткізіледі. Айта кетейік, көрме үш күнге созылады. Барлық тауар түрлері өндірушінің бағасымен сатылады.

Хабар 24 телеарнасы