386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арзан әуе қатынасы Алакөлдегі туризмді дамытуға септігін тигізеді

  • 757
  • UPD: 18:21, 10.05.2018

Алматы облысында азаматтық авиацияны дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Былтыр Алакөл ауданында Елбасының тікелей тапсырмасымен Үшарал әуежайы іске қосылғанын айттық.

Бұл өз кезегінде жол қатынасын барынша жеңілдетіп, ішкі туризмді дамытуға оң ықпал етеді екен.

Айдынды Алакөлдің жағасындағы бұл жаңа стратегиялық нысанның ашылуын жергілікті халық көптен күтті. Елорда тұрғындары мен саяхатшылар бұрын Үшаралға Алматы мен Талдықорған арқылы келетін. Бүгінде тікелей әуе рейстері ашылған. Ол саяхатшылар үшін өте тиімді болып тұр. 

Нұрлан Байғабылов, Алматы облыстық туризм басқармасының ақпараттық қызмет көрсету орталығының директоры:

- Астана-Үшарал-Астана әуе қатынасы аптасына 4 рет жүргізілетін болады. Сонымен қатар Алматы-Үшарал-Алматы аптасына 5 рет, Талдықорған-Үшарал-Талдықорған аптасына 3 рет қатынайтын болалды.

Билет құны ел ішіндегі әуе рейстеріне белгіленген бағадан әлдеқайда төмен. Астанадан 16 мың, ал Талдықорғаннан 8 мың теңгемен келуге болады. Оны субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 85 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған.

Жанна Арынбекова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Осындай шаралардың ұйымдастырылуының арқасында талдықорғандықтар, Алматы облысының тұрғындары Талдықорғаннан немесе Алматыдан 1-2 сағат көлемінде Алакөлге барып демалуға мүмкіндік алады. Ол барлығымызға жақсы.

Әсел Садықова,  Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Болашақта осындай әуе жолдары Қапшағайда, Балқашта ашылып жатса ол өте Қазақстан үшін қолайлы болмақ. Өйткені туризмнің дамуы, ол менің ойымша Қазақстанның дамуы.

Биыл Новосибирск-Үшарал–Новосибирск әуе рейсі ашылады. Бұл жөнінде жергілікті билік пен «Скат» әуе компаниясының арасында келісім жасалған. Алакөлдің жағасында 200-ге тарта туристік нысан бар. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жолдар жөнделіп, электр желілерін, су құбырын тарту үздіксіз жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Алакөлдің Алматы облысына қарасты бөлігінде 800 мыңға жуық адам тынықса, биыл демалушылар қатары 1 миллионнан асады деген болжам бар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы