Әлеуметтік желі өлімге әкелуі мүмкін қаруға айналды

Әлеуметтік желілер лаңкестердің басты құралына айналып барады.

Күн өткен сайын күрделеніп бара жатқан бұл мәселе Астана экономикалық форумының панельдік сессиясында талқыланатын болады. Израильдік сарапшылар қазір аталған құбылысты зерттеп жатыр. Ал осы мемлекеттің арнайы қызметтері ғаламтордағы лаңкестерді қалай қолға түсіруге болатынын үйренуде.

Израиль мен Палестина аумақтарында бір жылдай дерлік үшінші интифада деп аталатын құбылыс болды. Пышақпен қаруланған жас арабтар израильдік әскерилерге шабуылдаған. Нәтижесінде екі тараптан да жүздеген адам қаза тапты. Осының астарына үңіліп көрген Израильдің арнайы қызметі шабуылшылардың әрекетіне түрткі болған негізгі себеп әлеуметтік желілерде жарияланған мақалалар екенін анықтады. Жалпы ғаламтордан келетін қауіп жайлы Израиль бұрыннан біледі. Телеарнаның эфирін тоқтатуға, газеттің тиражын жоюға, радионың байланысын үзуге болады. Ал әлеуметтік желіні бақылауда ұстап немесе сөндіріп тастау мүмкін емес.

Израильдік арнайы қызметтер киберқылмыспен күресу үшін арнайы басқарма құрды. Ғаламтор адамдарға және кез келген медиаға әсер ете алатын күшті құралға айналды. Мемлекет күннен күнге күш алып келе жатқан экстремистік әрекеттерге барынша қарсы тұра алуы тиіс. Мәселен, 30-40 жыл бұрын террорлық әрекет тікелей шабуыл арқылы жасалса, қазір мүлдем басқаша.

Андрей Кожинов, қауіпсіздік бойынша сарапшы:

– Қазіргі таңда биотерроризм, кибертерроризм деген бар. Қаржы ағынын тоқтата алатын киберлаңкестік. Қоғамның санасына жаппай қорқыту арқылы әсер ететін террорлық әрекет те бар.

Жаппай қорқыту құралы – ғаламтор. 100 пайыздық қамту әрі қолжетімді. Ешқандай тосқауыл жоқ. Бүкіл мемлекетке желіге кіруді шектеген қытайлық үлгі ғана бар. Дегенмен ол барлық елде жүзеге аса бермейді.

Ронен Басон, қауіпсіздік бойынша сарапшы:

– Біз қазір ғаламторды, соның ішінде әлеуметтік желілерді тексеруге болатын арнайы жүйе ойластырып жатырмыз. Ол кілт сөздер мен суреттер арқылы ауқымды ақпараттар ағынынын зерттеуге арналған материалдарды теріп алатын бағдарлама болмақ.

Технологиясы қарқынды дамыған жаңа ғасыр жаңа қауіп-қатерді қоса әкелді. Ол виртуалды ғана болғанымен, физикалық зақым төндіруге қауқарлы. Тіпті адамдарды жақындастыру мақсатымен құрылған әлеуметтік желі өлімге әкелуі мүмкін қаруға айналды.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Сергей Ауслендер