387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында өзен-көлдерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр

  • 564
  • UPD: 07:54, 12.05.2018
Павлодар облысында өзен-көлдерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр

«Таза су қоймасы» республикалық акциясының шеңберінде аймақтағы ірі өзендер мен бұрын балық шаруашылығы болған су қоймалары тазартылуда.

Олардың көбі балық аулайтын торлармен, тұрмыстық қалдықтармен ластанып кеткен. Экологиялық акцияға жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары және ұстаздар қауымы үлес қосып жатыр. Алғашқы жұмыс Ертіс өзенінің сағасы Усолка өзенінде жүргізілді. Экологиялық акцияға Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. Олар өзен жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартса, Павлодардың орман шаруашылығы және жануаралар әлемі аймақтық инспекциясының қызметкерлері су түбінен синтетикалық ауларды алып шықты. Акцияның алғашқы күнінде Усолка өзенінің 10 шақырымы тазартылды.

Серік Әбсалықов, облыстық орман шаруашылы аймақтық инспекциясының инспекторы:

- Біздің аймағымызда халықаралық маңыздағы Ертіс өзені және республикалық маңыздағы Сәтбаев өзені бар. Сонымен қатар бұл акция 265 су қоймасын қамтиды. Олардың түбін тазарту жұмыстарымен сол су қоймаларын ұзақ мерзімге жалға алушылар айналысады.

Әсел Арынғазина, №25 мектептің директоры:

- Бір ай бойы сенбіліктер өтіп жатыр. Біз өзіміздің мектебіміздің ауласын ғана емес, бүкіл Усолка мөлтекауданын жинауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бүгінгі күні осындай республикалық деңгейдегі акцияға қатысып, қоршаған ортамыздың, экологиямыздың, табиғатымыздың таза болуына атсалысып жатқанымыз үлкен бақыт.

Хабар 24 телеарнасы