Сарапшылар: Әлем халқының 40 пайызы таза ауызсуға зәру

Киім-кешек қана емес, келешекте көпшілікке азық-түлік тауып беру де қиынға соғуы мүмкін.

Таза ауызсу мәселесі де өзекті болып барады. Себебі әлемдегі халық саны жылдам қарқынмен өсіп келеді. Десе де ресурстардың тапшылығына қарамастан, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету керек. Осы және өзге де өзекті сұрақтарды халықаралық сарапшылар Астана экономикалық форумының «Ресурстар әлемі» панельдік сессиясында кеңінен талқыламақ.

10 млрд адам. Әлемдегі халық саны осы көрсеткіштен асып түскенде, азық-түлік тапшылығы адамзатты әбігерге салуы мүмкін. Бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың 40 пайызы таза ауызсуға зәру. 2050 жылға қарай бұл сан 55 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. «Ал 2030 жылы тіршілік нәрінің жетіспеушілігінен 700 мың адам бас сауғалайды», – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы. Астана экономикалық форумына келетін азулы сарапшылар да осы мәселелерді шешу жолдарын іздемек.

Санат Көшкімбаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Бүгінде жаһандық экономика тар жол, тайғақ кешуден өтіп жатыр. Әлемдегі қауіп-қатерлерге Қазақстан да дайын болуы тиіс. Астана экономикалық форумы шартараптан беделді сарапшыларды елорда төріне жинап, түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Генетикалық түрлендірілген өнім аштық мәселесін түбегейлі шеше ала ма? Форум қонақтары бұл сұрақтың да жауабын іздемек. Қазіргі таңда әлем ғалымдары тек табиғи азық-түлікті пайдалануға шақырады. «Өйткені химиялық препараттар қосылған тағамдардың салдары ауыр болмақ», – дейді олар. Елордада өтетін келелі кеңеске қатысушылар 10 млрд халықты тамақтандыруға мүмкіндік беретін технологиялар жайын да пысықтайды.

Бекжан Садықов, ҚСЗИ бөлімінің сарапшысы:

- Форумға келетін қонақтардың ішінде адамзатқа пайдасы зор өнертабыстардың авторлары бар. Олардың тәжірибелері түйткілді шешуге үлкен септігін тигезеді деп ойлаймын.

Форумда көтерілетін мәселелер Қазақстан үшін де өзекті. Бүгінде Іле өзенінің бойын мекендейтін қазақстандықтар келешекте таза ауызсуға мұқтаж болуы әбден мүмкін. Өйткені өзеннің бастауы Қытайдың Синьцзянында жатыр. Ал ресми Бейжің хань тайпасын осы аймаққа шоғырландыру саясатын жүргізіп келеді. Іленің суын қазірдің өзінде 1 млн-нан астам адам пайдаланады.

Авторлары: Ж.Біркенов, И.Тулинов