389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жас полицейлердің ерекше слеті өтті

  • 511
  • UPD: 17:30, 20.05.2018
Ақмола облысында жас полицейлердің ерекше слеті өтті

Биыл шара жабық залда емес, далада өткізілді.

Онда бір жыл бұрын ғана құқық қорғау органдарына келіп, өздерін үздік қызметкерлер қатарынан көрсеткен сарбаздар тағы бір мәрте жас жауынгер курсынан өтті. Аймақ Ішкі істер департаментінің қызметкерлері арнайы полигонға келді.

Жаңадан келген жас жауынгерлердің дені бала кезден тәртіп сақшысы болуды арман еткен. Олар өздерінің жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгері екенін мақтан тұтады.

Ерсайын Елубаев, Жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы:

- Арнайы жасаққа жаңадан келгендіктен, бүгінгі күнге дейін бірнеше операцияға қатыстым. Бала кезімнен қандай жағдайда болсын, Отанымды, туған жерімді қорғауды армандадым. Сол арман мені жетелеп Жедел әрекет ету арнайы жасағына алып келді.  

Бүгінде Ақмола облысында үш мыңнан аса полиция қызметкерлері ел қауіпсіздігін күзетеді. Оның 150-ден астамы биыл ғана сарбаздар қатарына қабылданған. Солардың ішінен тек үздік 80 қызметкер ғана дала слетіне қатысты. Оларға мұнда тактикалық әдістерден бөлек ІІД-нің техникалық базасы да көрсетіледі.

Жаңадан келген сарбаздардың көбі тек үш түрлі қаруды меңгергендіктен, осындай шеберлік сыныптары өзге қару түрлерін үйренуге ынталандырады. Оларға тәжірибелік атыс сағатында жаңа қарумен танысуға мүмкіндік туды. Полиция қызметкерлері бірнеше рет топтық, жекелік психологиялық сынақтардан өтіп, жедел басқару орталығы мен кинологиялық орталықты аралады. «Далалық слеттің бір күні жас полицейлерге мол тәжірибе сыйлады», – дейді тәлімгерлер.

Виктор Букреев, облыстық ІІД бастығының кадрлық жұмыс жөніндегі орынбасары:

- Бізде полиция қызметкері дегенді папка ұстаған учаскелік испектор немесе таяқ ұстаған МАИ қызметкері деп қана қабылдайды. Бірақ полиция қызметкері жан-жақты болуы керек, ол іс-шаралар өткізіп, сап түзеп, тіпті ән айта білу қажет. Олардың беделін көтеру бағдарламалары жан-жақты зерттеліп жатыр. 

Бұл күні жігіттер әскери өмірді естеріне түсіріп, кәсіби білімдерін толықтырып, машықтарын ұштады. Полиция үздіктері қатарынан көрінген сарбаздарды Астанада өтетін республикалық слетқа жіберу ойда бар. 

Авторлары: Мадина Смағұлова, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы