387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемен қаласының қауіпсіздік паспортына бірқатар өзгеріс енгізіледі

  • 584
  • UPD: 20:36, 21.05.2018

Көктемде топан судың астында қалған Өскеменнің қауіпсіздік паспортына біршама өзгертулер енгізілетін болды.

Арнайы жұмыс тобы бірден 27 жерде сақтық шараларын күшейтуге ниетті.

Құтқарушылардың айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға байланысты басты құжаттағы мұндай өзгерістер алдағы уақытта табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру үшін аса қажет.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Көктемгі қызыл су  өскемендіктерді әбден әбігерге салғаны белгілі. 100-ге жуық үйді су басып,тұрғындар әуре сарсаңға түсті. Әкім-қаралар мен құтқарушылар аяқтарынан тік тұрды. Осындай қарбалас маусымнан соң мамандар арнайы комиссия құрып, қаланың қауіпсіздік паспортына бірнеше өзгерістер енгізуді жөн деп тапты.

Көктемгі тасқын көптің есінде.Бас-аяғы бір апта ішінде сай-саладан аққан су қаланың бірнеше ауданына жайылып, дес бермеді. Жыл сайын су басатын Согра ықшам ауданы биыл да тасқыннан  құтылмады.  Жылда арнасынан асатын Үлбі өзені тасып бірнеше баспанаға су кірді. Енді бұл мәселені түбегейлі шешуге қадам жасалды.

Ол үшін Үлбі өзенінің арнасын  кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатта жобалау құжатына 40 миллион теңге бөлініп отыр.

Қаныш Мұқажанов, Өскемен қаласы әкімдігінің бас инспекторы:

- Бүкіл қалаға  қауіп  болған Үлбі өзені. Әсіресе Ескі Согра маңынан өтеді. Жылда қосымша ақша бөліп, жағасын бекітеміз. Ал енді осы жоба бойынша арнасына түсірген соң,қауіпті азайтамыз деп отырмыз.

Қауіпсіздік паспортына еніп отырған аудандар қатары бұнымен бітпейді. Халық көп шоғырланған жеке секторларда енді тасқынның алдын-алу жұмыстары бұрынғыдан да күшейтілмек.

Аслан Қапаев, Өскемен  қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

- Біз қазір тұрған Красина кентін және Согра ықшам ауданы,22,23-ықшам аудан, Меновное аудандарын енгізуге әкімшілікке жат жаздық. Осы енгізілген аудандар паспортқа енгізілгеннен кейін  жергілікті атқарушы органдардың айырықша,ерекше бақылауында болады.

Жол үсті көпірлерін кеңейту,арналарды тазалап,қала ішімен өтетін бұлақтардың бағытын өзгерту сынды жұмыстар да бар. Жалпы ұсынылған 27 өзгертудің барлығын бір жылда атқару мүмкін емес дейді мамандар. Сондықтан бұл ұсыныстар 3 жылда кезең-кезеңмен атқарылады. Ең қауіпті әрі маңызды дегендерін биыл қолға алу жоспарланып отыр.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы