384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Рухани жаңғыру»: Сыр өңірінде жаңашыл бастамаларға 22 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ

  • 633
  • UPD: 12:04, 23.05.2018

Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы! Осы орайда Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығы биыл 81 жоба әзірлеп, оны іске асыру жұмыстарын бастап кетті.

Сананы сілкінтер жаңашыл бастамалар үшін 22 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Игі іске жергілікті меценаттар да үлес қосып, қаржылай көмек беретін болды.

Инновациялық технологиялар ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру үдерісіне аса қажет. «Рухани жаңғырудың» бағдарламалық мазмұнынан туындаған «Туған елге тағзым», «100 кітап», «Көшбасшы», «Қоғамға қызмет ету», «Қазақ әндері» мен «Қазақша Wikipedia» секілді жобалардың тиімділігі сөзсіз. Өткен жылы қызылордалық меценаттар 79 маңызды жобаны іске асыру үшін 6 млрд теңге қаражат берген. 

Нұрлыбек Мыңжас, «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы:

- ҮЕҰ, жастар, еріктілер, аналар қоғамы, ардагерлер кеңесі, барлық партия қосылып атқарылған іс-шараларды есептегенде, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1136 іс-шара атқарылған. Бұның бәрі де жастардың қоғамдық санасының өзгеруіне, рухани серпілуіне бағытталған.

Жастарға тағылым дегенде, алдымен ұлттық педагогика ойға оралады. «Әсіресе әлемді тербетер ана болатын қаракөздеріміздің тәрбиесіне ерекше мән беру керек», – дейді ұстаздар. Осы орайда өмірі өнегеге толы, көрген-түйгені көп аналарымыз бен жеткіншек қыздарымыздың басын қосатын арнайы диалог алаңы ашылды.

Ақарыс Нұрсейітов, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қыздар тәрбиесіне бейжай қарамайтындығымызды білдіріп, қазіргі таңда қоғамда өзіндік орны бар белсенді апаларды және қоғамдағы көптеген іс-шараларға атсалысып жүрген апайларымыз бен осы біздің жасөспірім қыздар арасында байланыс орнатып, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз.

Жаңғыру кезеңінде ұлттық аспаптарды насихаттап, ұл мен қыздың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті дарыту маңызды. Осы мақсатта жоғары оқу орындарының студенттеріне шайыр-жыраулардың өнегелі өмірі баяндалып, ұлттық аспаптар бойынша шеберлік сағаттарын өткізу үрдісі қолға алынды. Аймақта кенжелеп қалған домбыра үйірмелерінің жұмысы жандана бастады.

Нұрлыбек Мыңжас, «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы:

- Ұлттық өнерге құрмет ретінде домбыраны насихаттау ісін үйлестіріп, меценат кісі домбыралар алып беріп, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектепте шағын оркестр құрдық. Мысалға, кеше 22 наурызда орталық алаңдағы жиында сол оркестр келіп, өз өнерін көрсетті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» құру қажеттігін айтқан. Бұл ретте Сыр аймағынан жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне 12, ал өңірлік деңгейге 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілген. Осы орайда тарихы терең Тұран ойпатында сақталған мәдени ескерткіштердің қорын тың деректермен толықтыруға сырбойылықтар жүйелі түрде кірісті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы