384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің шығысынан марал сатып алған ақтөбелік кәсіпкер шаруашылық ашты

  • 583
  • UPD: 16:01, 25.05.2018

Ақтөбелік кәсіпкер өңір үшін тың кәсіппен айналыса бастады. Бану Тілегенова Шығыс Қазақстан облысынан 150 бас марал әкеліп, шаруашылық ашты.

Кәсіпті игеріп әкету үшін біраз ізденді. Бірақ қазір пайдасын көріп отыр. Шаруашылық жанынан сауықтыру шипажайын салды. Мәртөк ауданында болып, жаңа кешеннің жұмысын көріп қайтқан тілшіміз тарқатады.

Шығыстан келген 150 марал қытымыр қыстан аман шықты. Алды енді төлдеп жатыр. Кәсіпкер Бану Тілегенованың айтуынша, жануар тез жерсініп, жергілікті климатқа үйреніп кеткен. Өзі кәсіпті бастамас бұрын Шығыс Қазақстанға әдейілеп барып, сондағы шаруашылықпен танысып қайтты.  Бизнес жобасын жергілікті билік те қолдап, Мәртөк ауданынан 2 гектар жер алады. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қоры жеңілдетілген несие береді.

Бану Тілегенова, шаруашылық қожалығының жетекшісі:

-  Біз несиенің пайыздық мөлшерлемесіне мемлекеттен субсидия алдық. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлер үшін нақты қолдау. Біз өз қаражатымыздан да мол инвестиция салдық. Жалпы аумақтың 700 гектарын қоршап, маралдарды сол жерде ұстап отырмыз. Жабайы жануар болғандықтан, қашып кетуі мүмкін.

Жануардың күтімі де жақсы. Шаруашылыққа жақын орналасқан Казанка аулының бірнеше тұрғыны осында жұмысқа орналасып, марал бағып отыр.  Өңірде бұрын болмаған кәсіпті олар да тез игеріп алған.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Мұнда күніне 2 мезгіл жем береді. Қыстан шыққан марал тез қоң жинап, әлденуі үшін, жемге арнайы дәрумендер қосады.

Кәсіпкер шаруашылық жанынан 50 адамға арналған сауықтыру шипажайын салды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасымен жеңілдетілген несие алған. Шипажайда маралдың мүйізінен алынатын қанмен емдейді. Енді ауданда медициналық туризмді дамыту шаралары қолға алынды.

Айгүл Баубекова, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры:

- Былтыр Мәртөк ауданы бойынша 86 азамат несие алып, өз кәсібін дамытқан. Оның 70 пайызы ауылшаруашылығы саласында дамып келе жатыр. Сонымен қоса, қызмет көрсету саласы да бар. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы қаржылай қолдау арқылы 18 адам жоба құжаттарын тапсырды, 70 млн теңгеге. Қазір жылдың басы, ары қарай жұмыстар жалғасады.

Ауданның туризм саласын дамыту бойынша биыл 14 жоба іске асуы тиіс болса, оның біразы халық игілігіне тапсырылды. Оның ішінде мейрамхана, жол бойында қызмет көрсететін кешен бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы