378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 2 млн гектарға жуық алқапқа дән себілді

  • 355
  • UPD: 17:28, 25.05.2018
Қостанай облысында 2 млн гектарға жуық алқапқа дән себілді

Қостанай облысының диқандары бүгінге дейін 1 млн 900 мың гектар алқапқа тұқым сеуіп үлгерді.

Бұл – жалпы егістік көлемінің 47 пайызы. Биыл өңірде майлы дақыл егілетін аумақ 14 пайызға ұлғайған. Қазір қыр төсінде қызу жұмыс. Механизаторлар уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеуде. Өйткені жаңбыр жауса, амалсыз тоқтауға мәжбүр. Сондықтан олар күннің мұндай ашық сәтін барынша пайдаланып қалуға тырысады.

Сарыкөл ауданындағы Баймырза Сатаев басқаратын шаруа қожалығының егістік көлемі 12 мың гектар. Мұнда дән себу 15 мамырдан басталды. Қазір алқаптардың елу пайызы еңсерілген. Цифрландырылған қуатты кешендер кідіріп, кібіртіктемейді.

Әнуар Сатаев, механизатор:

- Тәулік ішінде осындай бір техникамен екі ауысымда 120-160 гектар жерге тұқым себеміз. Бәрі автоматты түрде басқарылады. Рөлді ұстамаса да болады. Навигатормен түнде де жүре береміз. Барлық жағынан үнемді, ыңғайлы.

Шаруашылыққа қажетті 230 тонна жанармай жеңілдікпен, литрі 151 теңгеден берілді. Тыңайтқышқа да көмек жасалды. Көлік-құралы сай шаруа биыл ылғалдың аздығынан қауіптенген еді. Сәуірдің соңы мен мамырдың басындағы жаңбыр бұл күдікті сейілтті.

Баймырза Сатаев, шаруа:

- Ылғал жағы жақсы, қар аз болды, бірақ көктемде жақсы жаңбыр өтті. Қазір жердің ішінде ылғал 120 см. Ол жақсы, жылда 100 см болатын, ылғал жетеді. 

«Көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай жүріп келеді. Диқандарға қажетті жәрдем көрсетілді. Әзірге төтенше қиындықтар туындаған емес», – дейді облыс басшылығы. Әртараптандыру бағытындағы шаралардың да ауқымы кеңейген.

Дархан Әбдікәрімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Әртараптандыру жағынан келсек, 444 мың жоспарланған көлемнің 45 пайызын орындап отырмыз. Оның ішінде ең көп егілетіні – күнбағыс, зығыр, бұршақ, сондай дақылдар биыл егіліп жатыр. Рапс та бар.

Биыл тұқым себуге облыс бойынша 71 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, оның дені диқандарға жеткізілген. «Ауа райы кедергі келтірмесе, науқан 3 маусымға дейін толық аяқталады», – дейді мамандар.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы