384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда 2343 ескерткіш енген киелі орындардың электронды картасы жасалды

  • 451
  • UPD: 19:44, 25.05.2018
Жетісуда 2343 ескерткіш енген киелі орындардың электронды картасы жасалды

Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша құны 37 млрд теңгеден асатын 308 жоба жүзеге асырылады.

Өңірде 2343 ескерткіш енген киелі орындардың электронды картасы жасалған. Түрлі бағыттағы ауқымды жұмыстар туризмді дамытып, ел әлеуетін еселеуі тиіс. Бұл туралы брифингте аймақ басшысы Амандық Баталов мәлімдеді.

Жер жаннаты – Жетісу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл ұғымның өміршең екенін дәлелдей түскен. Өңірде жүзеге асып жатқан түрлі жобалар киелі өлкенің бар қасиетін паш етті. Соның арқасында Алматы облысына асыққан туристер көп.

Арқау Шантаев, Алматы облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл біз жаңадан «Алтын аймақ – Жетісу» туристік маршрутын ашқалы отырмыз. Бұл маршрутқа 4 ұлттық паркіміз кіретін болады, бірқатар нысан кіреді, сонымен қатар жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, арнайы жабдықталған автобус шығаратын боламыз. Соңғы екі туристік навигацияны іске қостық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы облыстың мәдени, рухани тынысын аша түсті. «Батыр бабалар» мемориалдық музейінің мәні зор. Мұнда келушілер сақ дәуірінен басталатын Қазақстан тарихына терең бойлай алады. Ал келешекте облыста жаңа театр ашылып, мәдени ошақтар қайта жанданады.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауқымды шаралардың бірі. Өңірдегі мәдениет үйлерін жаңғырту. Осы жоба арқылы облыста алдағы уақыттарда 243 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Оның жетеуі өткен жылы жасалса, биыл 11 жобалық-сметалық құжаттама, 2 қалыпқа келтіру, 3 күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Өңір кәсіпкерлері «Рухани жаңғыруға» сүбелі үлес қосып келеді. 2019-2022 жылдары Алматы облысында 6 млрд теңгенің 122 жобасы жүзеге асырылады. Қазір кәсіп иелері туған жерінде үй салып, жерлестерінің әлеуметтік жағдайын көтеруге білек сыбанып, белсене кіріскен. «Жүз жаңа есім» қатарына енген Елдос Баялышбаевтың жігері көпке үлгі.

Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің басшысы:

- Бұл жігіт қазіргі біздің заманымыздың қаһарманы. Автокөлік оқиғасына ұшырағаннан кейін қозғалу мүмкіндігі шектеліп, соған қарамастан өзі қозғалып, өзін-өзі жігерлендіріп, өзінің айналысқан жаттығуларын өзгелерге үйрету үшін «Асар» деп аталатын реабилитациялық орталық ашып, сондай қиын жағдайға душар болған адамдарға көмек көрсетіп келе жатыр.

Биыл облыста Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай мемориалдық кешен ашылады. Сондай-ақ Талғар ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарының мүзейін пайдалануға беру жоспары бар. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы