386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«KADEX-2018»: астаналықтар әскери көрсетілімді тамашалады

  • 457
  • UPD: 23:22, 25.05.2018
«KADEX-2018»: астаналықтар әскери көрсетілімді тамашалады

Бүгін «KADEX-2018» халықаралық көрмесінің қонақтарына тек отандық емес, шетелдік қарулы күштердің құрлықтық және әуе техникасының әскери көрсетілімі ұсынылды.

Жауынгерлік қойылымды жасұландық дауылпаздар мен десантшылар ашты. Техникалар шеруін «Қазақстан-Инжиниринг» зауыттарында жан-жақты қайта өңдеуден өткізілген Т-72Б танктері бастап, шартты ұрыс алаңындағы мүмкіндіктерін көрсетті. Бос оқ-дәрілер мен снарядтар арқылы зеңбіректен демонстрациялық ату да орындалды. Ал олардан кейін БМП-2 жаяу әскер ұрыс машиналары, жол талғамайтын жүк көліктері жүйткіді. Жауынгерлік техникалар көрсетілімін БТР-80А сауытты транспортерлер жалғастырды. 

Сонымен қатар лаңкестік топтарға қарсы іс-қимыл операциялары көпшілік назарына ұсынылды. Сценарий бойынша, экстремистер қоршауға алынып, елді мекен қаскөйлерден тазартылды. Жердегі арнайы күш құрылымдарына қолдау көрсету үшін тікұшақтармен қосалқы құрам жетті. Ал жараланған жауынгерлерді ұрыс аумағынан шығару үшін қауіпсіз алаңға санитарлық авиацияның әуе көлігі ұшып келді. Сондай-ақ периметрді бойлай қоршаған мергендер нысанаға бет алған әріптестеріне қашықтан жол ашып беріп отырды. Әскери шоу тікұшақтар мен дыбыс жылдамдығынан да шапшаң жойғыштар шоуымен аяқталды.

Айта кетейік, ертең «KADEX-2018» көрмесінің соңғы күні. Айтулы шара Астана халықаралық әуежайының әскери секторында өтті.

Хабар 24 телеарнасы