369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық кәсіпкерлер әкімшілік кедергілердің жойылатынына дән риза

  • 160
  • UPD: 17:49, 26.05.2018

«Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздегі аса маңызды талаптардың бірі. Сондықтан тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап мен бұл мәселені қолға алып, реттеп келемін», – деп атап өткен Елбасы таяуда жаңа заңға қол қойды.

Бұл заң отандық кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Павлодардың бизнес қауымдастығы жаңашылдықты жылы қабылдады. Кәсіпкерлер енді әкімшілік кедергілер жойылып, салықтың жүгі кемиді деп қуанды.

Павлодардың қалалық саябағында жұмыс қызған. Мердігерлер жөндеуден өтіп жатқан нысанды Балаларды қорғау күніне орай тапсыруды көздеп отыр. Ал демалыс орнын абаттандырумен жеке кәсіпкер Антон Чашиннің фирмасы айналысып жатыр. Елбасының бизнесті реттеуге қатысты заңға жариялы түрде қол қойғаны кәсіпкердің көңілінен шыққан. Іскер азамат жұмыс ауқымын кеңейтіп ойға алған жоспарларына батыл кіріспек. 

Антон Чашин, кәсіпкер:

- Мен заңға түзетулер енгізілгеніне қатты қуандым. Енді айыппұлдар, үстеме пайыздардың орнына алдын ала ескертулер берілетін болды. Бұл кәсіпкер үшін қиындықтарды шешкенмен бірдей. Өз кезегінде көп мәселенің басын ашатын заң әрі дер кезінде қабылданды.

Көріктендіру жұмыстарына кәсіпкер жыл сайын студенттердің еңбек жасағын тартады. Қазірдің өзінде жиырма шақты жас жұмыспен қамтылған. Оларға кешенді ас мәзірі беріледі әрі еңбек етуге қолайлы жағдай туғызылған.

Бауыржан Жүрдіханұлы, студент:

- Әр жұмысшы өзінің қалауына байланысты және түстен кейін де жұмыс істеуіне болады. Түскі аспен қамтамасыз етеді және де өзімізді қанағаттандыратын ақшамен қамтамасыз етіп отыр.

Екі жыл бұрын жұмысын бастаған сұлулық салоны да талай кедергілерден өткен. Жас кәсіпкер Сәуле Исағұлова да бұдан былай көптеген стартап жобаларға жол ашылатынын айтады.

Сәуле Исағұлова, жас кәсіпкер:

- Кеше біздің Елбасымыз кәсіпкерлікті реттеуге бағытталған заңға қол қойған болатын. Бұл заңның негізгі маңызы бұл мемлекеттік тексерулерді қысқартады, бақылау функцияларын қысқарту жолында бұл жаңа заң әсіресе жас кәсіпкерлерге өте үлкен көмек деп есептеймін.

Сонымен, Елбасы қол қойған жаңа құжат кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Бұған Ертіс өңірінің бизнес қауымдастығы да зор сенім артады.

Ерлан Тоқтышақов, СПК «Ертіс Агро» АӨК төрағасы:

- Жаңа заң әкімшілік кедергілерді жойып, кәсіпкерлік қызметті реттеуге бағытталған. Бұл – бизнестің ауқымын кеңейтіп, кәсіпті өркендетуге жасалып отырған тамаша мүмкіндік.

Павлодар кәсіпкерлері жаңа құжатты жылы қабылдады. Ондағы өзгерістер мен толықтырулар жуық арада өз пайдаларына жұмыс істейтініне олар кәміл сенеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы