387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы жалғыз бекіре шаруашылығы уылдырық сатуды жоспарлап отыр

  • 590
  • UPD: 19:59, 27.05.2018

Шығыс Қазақстандағы жалғыз бекіре шаруашылығы облыс тұрғындарын өз өнімдерімен қуантуда.

Ашылғанына бір жарым жылға жуық уақыт болған кәсіпорын енді  тұтынушыларға уылдырық ұсынбақшы. Толықтай автоматтандырылған шаруашылықтың алдағы жоспары ауқымды. Болашақта отандық брендті насихаттап, өнімдерін экспорттауды да жоспарлап отыр.

Кәсіптік маңызы зор бұл  бағалы балықты өсірмес бұрын, шаруашылық иесі алдын-алда біршама зерттеулер жүргізген екен. Тек жан-жақты саралаудан соң ғана «бекіреден береке болар» деген сенімге келіп, жобаны бастауға бел буыпты. Осылайша 1 жарым жыл дегенде өз еңбегінің жемісін көре бастады. Қазір тауарлы балықты облыстағы сауда  орындарына өткізуде.

Рашид Алшынбаев, бекіре шаруашылығының директоры:

- Балық шаруашылығы саласында біршама жыл қызмет еткендіктен алдымен зеррттеу жұмыстарын жүргізгенім рас. Тұйық сулы тоғанда балық өсіру әсіресе Батыс Еуропада кең дамыған. Сондықтан  осы жобаны үлкен ынтамен бастадым.

Жақсы күтімдегі бекіре  бір жылда екі келіге дейін салмақ қосады екен. Қазір бұндағы ең ірілері 6-7 келіге дейін тартады. Толықтай автоматтандырылған тоғандарда су жәндігінің тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті жемді шашу да автоматты түрде атқарылады.

Айдар Халелов, технолог маман:

- Бекіре балықтарының күтімін жасау оңай емес. Әсіресе судың тұздылығын мұқият бақылау керек. Балықтар ауыра бастаса  судағы тұз мөлшерін де арттыра түсеміз. Осылайша қоймада барлық  талапты сақтауға қатаң көңіл бөлінген.

Бүгінгі күні кәсіпорын басшылығы аналық балықтарды көбейту мәселесіне назар аударып отыр. Балықтардың бабын жасаумен жалпы 14 жұмысшы айналысып жатыр. Кәсіптің нәсібін молайту үшін мұндағы мамандар тәжірбиелерін шыңдауға да ниетті. 

Александр Вишенников, кәсіпорынның шаруашылық бөлім меңгерушісі:

- Мәскеуден мамандар келіп тәжірбие алмасып жатырмыз. Алматы Қарағанды қалаларына, кейінірек Прибалтикаға барып осы саладағы жетістіктермен таныссақ деген ойымыз да бар.

Ферма жетекшісі 1 миллиард 800 миллион теңге жұмсалған жоба өзін өзі ақтайды деген сенімде. Алдағы маусым айынан бастап орыс және сібір бекірелерінің құртшабақтарын ұдайы өсіруді қолға алмақ. Ал келесі жылдан бастап отандық уылдырық та сатылымға шығарылады.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы