386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде тегін дәрігерлік көмек тізімі өзгеріске ұшырайды

  • 791
  • UPD: 22:56, 29.05.2018

Биыл елімізде тегін медициналық көмекке 917 миллиард теңге бөлінді.

Бірақ бұл қаражат халықты кепілдендірілген қызметтер және дәрілік заттармен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан жауапты министрлік олардың тізбегін қайта жаңартып шығуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға кіретін қызметтер де нақтыланбақ.

Тегін медициналық көмек жүйесінде күрмеуі қиын күрделі мәселелер көп. Біріншіден, бұл салаға жыл сайын көп қаржы қаралғанымен, дәрігерлік қызмет көрсету мен арнайы препараттарды сатып алуға жұмсалатын шығын азаймай отыр. «Оның үстіне елдегі халық санының соңғы 5 жылда 2 миллион 100 мыңға ұлғаюы ауқымды өзгерістерді қажет етеді», – дейді министр Біртанов.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Тегін медициналық көмектің осы тізбесі 2009 жылдан бері айтарлықтай қайта қаралған жоқ. Осы уақыттан бастап денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар пайда болды. Ауруларды емдеу және басқару стандарттары өзгерді. Қазақстан халқының саны 2,1 млн адамға ұлғайды. Өмір сүру ұзақтығы 3,5 жылға өсті. Халықтың жыныстық жас құрамы өзгерді. Тегін медициналық көмекті қаржыландыруға бөлінетін бюджеттік қаражат жыл сайын ұлғайтылатындығына қарамастан соңғы 5 жылдың ішінде халықтың денсаулық сақтау қызметтеріне қалта шығыстарының өсуі байқалады. Ол 2017 жылы 678 млрд теңгені құрады.

Қызығы сол, жеке шығыстардың 30 пайызы тегін медициналық көмек аясындағы қызметтерді сатып алуға жұмсалып отыр. Яғни азаматтар өз қалтасынан қаржы төлеуге мәжбүр. Бұған себеп – тегін медициналық көмектің бір бөлігіне бюджеттік қаражаттың жеткіліксіз болуы. «Қазіргі таңда саладағы тапшылық 362 миллиард теңгені құрайды және бұл қаражат көлемі алдағы уақытта да азаймайды», – дейді министр. Сондықтан бұл көмек тізімінен міндетті диспансерлік бақылауға енетін сырқаттардың кейбірі алынып тасталмақ. Сондай-ақ 769 диагноз, 529 операция мен дәрігерлік басқа да қызмет түрлері тәуліктік стационардан күндізгіге көшіріледі.

Нұрлыбек Қабдықапаров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының директоры:

– Хроникалық аурулардың саны бұрын 252 болатын болса, қазір 25 ауруға дейін азайтылды. Инфекциялық аурулар саны көп болса, қазір азайтылады. Скрининг мәселесі бойынша 18 жасқа дейінгі, стамотологиялық көмекті 18 жасқа дейін, зейнеткерлер, мүгедектер соның бәрі кіретіндей, онкологиялық аурумен ауыратындар медициналық сақтандыру жүйесі арқылы енгізіледі.

Бір сөзбен айтқанда, тегін дәрігерлік көмек тізімі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арасындағы аражік те ажыратылады. Дегенмен Үкімет басшысы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Себебі басы ауырып, балтыры сыздаған азамат ауруханаға барған сәтте түсініспеушілік туындамауы шарт. Айта кетейік, тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жаңа тізбектері 2020 жылдан бастап қолданылуы мүмкін.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы