387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл басынан бері менингит жұқпасынан көз жұмғандардың саны тағы ұлғайды

  • 706
  • UPD: 22:53, 29.05.2018

Талдықорғанда менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілген екі жарым жастағы сәби көз жұмды.

Науқас қыз жұқпалы аурулар ауруханасына кеше түстен кейін жеткізілген. Өкінішке қарай дәрігерлер сәбидің өміріне араша түсе алмады. Себебі ауру әбден асқынып кеткен. Осылайша жыл басынан бері менингит жұқпасынан көз жұмғандардың саны тағы ұлғайды.

Алдын ала белгілі болғанындай, сәби ата-анасымен бірге Алакөл ауданындағы Көлбай ауылына ауызашарға барған екен. Сәбидің жағдайы содан кейін күрт нашарлап кетіпті. Қазір онымен тікелей қарым-қатынаста болған 66 адам дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр. Алматы облысы бойынша бүгінгі күнге дейін 4 менингококк инфекциясын жұқтыру оқиғасы болды. Оның екеуі Қарасай, біреуі Іле ауданында тіркелген. «Ондағы науқастардың жағдайы қалыпты», – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары.

Асхат Шәрапиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– 66 адам қарым-қатынаста болған: шешесі, ағасы, інісі. Сол 66-ның ішінде 5 адам Алматы қаласынан келген. Бұл 66-ның барлығы ем алуда. Ем алар алдында олардың барлығының жұтқыншағынан сынама алынған. Зерттелу үстінде.

Жыл басынан бері елімізде 9 адам менингит жұқпасынан көз жұмды. Бұл жағдайға дәрігерге дер кезінде қаралмау себеп болған. Бүгін Үкімет отырысынан кейін Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деді. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы соңғы 5 айда 62 қазақстандықтың аталған індетті жұқтырғанын айтты. Сондықтан инфекциялық ошақтарға байланысы бар 2 мың 200 адам тексеруге алынды.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

– Қазіргі таңда медициналық этаптарда профилактикалық мәселелер енгізілген. Жедел станция машиналарында менингококкқа қарсы құрылғылармен жабдықталған. Алматы қаласында ең үздік дәрігер-эпедимиологтарды бір тобын жібердік. Олар Алматыда жұмыс жасап жатыр.

Менингит – жұқпалы ауру. Алғашқы белгілері – бастың ауруы, температураның көтерілуі, әлсіздік және тәбеттің төмендеуі. Сондай-ақ науқастың қол-аяғы ауырып, шөл қысады. Сондықтан тұрғындар осы белгілер байқалған сәтте бірден дәрігерге қаралғаны жөн дейді.

Менингококк инфекциясының ауа арқылы жұғатыны белгілі. Сондықтан мамамандар қоғамдық орындарда мүмкіндігінше бетперде киюге кеңес береді. Ол аз десеңіз, арнайы препараттардың көмегіне жүгінуге болады. Ескертейік, менингитке қарсы бір екпенің бағасы 20 мың теңгенің шамасында.

Бұдан бөлек ғимараттарды жиі желдетіп, тазалық сақтау да түрлі жұқпалы індеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ғани Алшынюаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы